Заң нормасындағы жаңалықтар: Зейнет жасы. Жәрдемақы. Жастар санаты
Әйелдер алдағы бес жылда зейнетке 61 жастан бастап шығады. Бүгін сенаторлар зейнет жасын ұзартуды тоқтататын заңды қабылдап, президентке жолдады. Құжатқа сәйкес, келесі жылдан бастап әйелдердің зейнет жасын арттыру 2028 жылға дейін тоқтатылған. Заң нормасы тағы қандай жаңашылдықпен толықты?
Автор: Айғаным Достанбай
08.12.2022
Зейнет жасын төмендету мәселесі талайдан бері қоғамның қызу талқысынан түскен емес. Әйелдер қауымы бейнетінің зейнетін 58 жастан бастап көруді талап етіп келгенімен, бұл тақырып төңірегіндегі таласқа әзірге нүкте қойылатын түрі бар. Бүгін сенаторлар мақұлдаған құжатқа сәйкес, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2023 жылдан 2028 жылға дейін 61 жас болып бектілді. Яғни бес жыл бойы не өспейді, не кемімейді деген сөз.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауын іске асыру үшін заң жобасы шеңберінде әлеуметтік блокты шешетін түзетулер енгізілді. Бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы бала бір жарым жасқа жеткенше төлеу. Әйелдердің зейнетке шығу жасын 2028 жылға дейін 61 жас деп бекіту.
Үкімет әйелдердің зейнет жасына келгенде әуелгі ұстанымынан тайған емес. Өйткені 58 жасқа төмендету мемлекет қазынасына едәуір салмақ түсіреді деп санайды. Енді 2028 жылға дейінгі мораторийді пайдаланып, зейнетақы жүйесін жетілдірумен айналысамыз деп отыр жауаптылар.
Қуанышбек Дүйсенов, экономист:
- Қазіргі экономикалық өзгерістер, дағдарыс кезеңінде біздің елімізде тұрақтылыққа үміт сыйлайтын шешімдер қажет. 61 жастан бастап зейнетке шығуды зейнетақы қоры барынша көтере алады деп айта аламыз. Тіпті зейнетақы қорының өзінің инвестициялық табысы 2014 жылдан бастап 6,4 трлн теңге табыс әкелген.
Сенат мақұлдаған келесі құжат бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін бір жарым жасқа дейін ұлғайту. Сонымен қатар жастар санатына енетін азаматтардың жасы бұрынғыдай 29 емес, 35 жасқа дейін ұзартылған. Осылайша бір күнде жастардың саны елімізде алты миллионнан асып жығылды.
Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты:
- Бұл не береді? Көбіне жастар бізде 29дан асқандар мына тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайтын. Жастарға баспана мәселесі өте өзекті. Сондықтан 35 жас аралығында мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік алады.
Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар көші-қон саясатының тиімділігін қайта қарауды ұсынды. Елге шетелдік мамандарды тартуда Қанатбек Сафиновтың көңілінен шықпайтын тұстары бар екен. Оның сөзінше, шетелден келетін жастарға министрлік тым қонақжай, кейін зардабын тартып отырмасақ игі.
Қанатбек Сафинов, Сенат депутаты:
- Көрші елдердегі оқиғаларға байланысты, салыстырмалы түрде, тыныш қана Қазақстанға көшуге ниеттілер көп. Әсіресе тұрғылықты мәртебеге ие болғысы келетіндер басым. Бұл мәртебеге көптеген елдерде қол жеткізу қиын, тек инвестициясы барлар ғана осындай мүмкіндікке ие бола алады. Мәселен, Португалияда тұрақты тұруға арналған инвестиция шегі 45 миллион еуро, Кипрде 300 мың еуро, ал бізде министрлік тізіміндегі мамандық иесі болсаң жеткілікті.
Сенаторлар заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Енді президент қол қойғаннан кейін, қабылданған өзгерістер жаңа жылдан бастап күшіне енеді. Ал жаңа нормалардың қалай, қандай жолмен жүзеге асатынын, механизмі дайын болғаннан кейін жариялаймыз деп отыр шенеуніктер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!