Дәрігер Юрий Шумковты өлтірген күдіктінің ісінде жаңа дерек ашылды
Мылтықтан бөлек тапаншасы да болған. Алматылық дәрігер Юрий Шумковтың ісінде жаңа дерек ашылды. Сотта жауап берген басқа такси жүргізушісі күдіктінің жолда тоқтатып, оған 40 мың теңге беріп, қылмыс болған көлік тұрағында бір күн бұрын қонып қалғанын жеткізді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
09.12.2022
Дархан Кіштаевтың айтуынша, күдікті «досымның көлігін күзетемін» деп түнеген. Ертеңіне такси жүргізушісі көлігін алуға келгенде іште ешкім болмаған. Тек кешке қарай, артқы салонда жатқан оқтар мен тапаншаны көріп, бірден полиция шақырған.
Дархан Кіштаев, куәгер:
- Таңертен оған қарайтын мүмкіндігім болмады. Келдім, отырдым, бір қарадым, дым болған жоқ. Келіп қарасам, сөмкесі жатыр, ашсам, ішінде оқтар жатыр. Одан кейін келісімшарттарым орындықтың астында жатыр, ал сөмкенің ішінде оқтар жатыр. Одан кейін орындықтың төсенішін ашып қарасам, ішінде тапанша жатыр және тағы да оғымен қораптар жатыр.
Шумковты сұлатқан аңшы қаруын күдіктінің рұқсатсыз алып кеткені анықталды. Ол туралы қарудың иесі Леонид Дубук судьяға мәлімдеді. О баста «малымды қасқырдан қорғауым керек» деп сұраған. 350 мың теңгесін де берген. Тіпті болмаған соң «қатты ауырамын, емші басыма жастанып жат» деген сылтауын айтқан. Алайда Леонид Дубук қаруын беруден бас тартқанда, ол рұқсатсыз алып кетіпті.
Биыл сәуір айының басында Алматыда емделуші өз дәрігерін аңшы қаруымен атып өлтірді. Қанды қылмыс таңғы уақытта көлік тұрағында болған. Юрий Шумковты атқан соң, күдікті кейін жол бойында тұрған көлікке мылтығын алып мініп, оқиға орнынан ізін суытады. Полицейлер бір сағатқа жетпей жедел ұстады. Атышулы іс бойынша сот әлі жалғасып жатыр
Леонид Дубук, куәгер:
- Үйде аңшы қаруым болды. Басында мылтығымды берем деп ойладым. Оның өтеуіне, аракідік ет әкеліп тұрсын деп келістім. Келесі бір келген кезінде «проблемаға тап болдым, шұғыл қаруың керек» деп сұрады. «Етті өзің ал» деп, 350 мың теңгесін берді. Тіксініп қалдым. Бірнәрсені ішім сезді. Бірақ мылтықты беруден бас тартқанымда, қаруды тұрған жерінен жұлып алып жоқ болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!