Ұрлаған алтын жүзікті сол дүкен иесінің ломбардына тапсырам деп ұсталды – Щучье
Ұрының да алаңғасары бар. Ақмола облысының Щучье қаласында зергерлік дүкеннен алтын жүзіктерді ұрлаған адам оны сол дүкен иесінің ломбардына тапсырам деп ұсталып қалды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
09.12.2022
Сөзге майда, сатушыларды аузына қарата білетін жылпос азамат сол күні бір емес, екі дүкеншінің аузын аңқитып кеткен. Алтын бұйымдарды көріп, саудаласқан кейіп танытқан ол, көзді ала бере жүзіктерді қалтасына сүңгіткен. Оның бұл әрекеті ғимарат ішіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Оңай олжасын ол бірден ақшаға айырбастамақ болғанда қолға түсті. Зергерлік дүкен мен ломбардтың иесі бір адам екен. Өзінің алтынын өзіне тапсырмақ болған әккі ұрлықшы полицияда «гастролер-ұры » ретінде белгілі екен. Щучьеге 51 жастағы күдікті Солтүстік Қазақстан облысынан келіпті.
Әсем Әбдікәрімова, Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің өкілі:
- Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Ішкі істер органдарында «гастролер-ұры» санатында есепте тұрған адам. Басқа да зергерлік дүкеннен ерлердің алтын жүзігін үптеп кеткен. Қазір ол қамауға алынып, үрлық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!