Үкімет отставкаға кете ме? Сарапшылар пікірі
Жаңа жылға ескі үкіметпен барамыз ба? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысындағы сөзін саясаттанушылар әртүрлі болжауда. Мемлекет басшысы Министрлер кабинетінің қазіргі құрамына көңілі толмайтынын ашық айтқан болатын.
Автор: Айғаным Достанбай
13.12.2022
Үкіметтің сөзі өтпей отыр! Үкімет қадағаламай отыр! Үкіметтің қолынан келе ме? Осыған дейін де халық пен Президенттің сенімінен шығып жарытпаған Үкімет жұмысы соңғы жылы тіптен кері кетті. Мемлекет басшысының өзі кеше министрлерге шайнап берген дүниені қорыта алмай отырсыңдар деп кесіп айтты. Жыл басынан бері атқарушы органдарға Қасым-Жомарт Тоқаев 400 мәрте ескерту жолдаған. Бір емес, екі емес, бақандай 400 мәрте ескертуді елемеу естуші Үкіметке» сын емей, не?
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымымен аяқ басамыз ба деп, басы ашық сауал тастады. Тоқаев мұнысымен халықтың да, өзінің де Смайыловтың командасына сенімі сарқылғанын аңғартқандай. Қазіргі Үкіметтің тырнақша ішіндегі жеткен «жетістігіне» куә болуы үшін бұрыңғыдай базарға барып, бағаны бағып керек емес. Қараша үйінен аттап баспай-ақ, тура мағынада салқынын сезіп отыр.
Қазыбек Майгельдинов, Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы:
- Заң бойынша үкіметті тарату тек қана мәжіліс сайлауынан кейін ғана болатын мәселе. Осы жолы үкімет таратылмайды. Үкіметке былайша айтқан кезде, сайлауалды бағдарламаның алғашқы позициясынан бөлек, қаңтар оқиғасынан кейінгі болған тапсырманы толық, жыл соңына дейін аяқтап, толдық өткізу мәселесі қойылып отырған секілді.
Ерте ме, кеш пе, әйтеуір қазіргі Үкіметтің кей мүшесі былғары креслосымен қош айтысатыны анық. Бірақ кеше президенттің сын садағы Әлихан Асханұлын айналып өтіп, тікелей сала басшыларына қарата айтылды. Солай екен деп, премьер-министр тоқмейілсімеуі керек. Мұның астарында басқа мән жатыр дейді сарапшылар.
Қазыбек Майгельдинов, Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы:
- Бұл жерде керісінше. Егер Әлихан Смайылов премьер ретінде жұмысын, жалпы аймақтардағы жұмысын үйлестіре алмайтын болса, вицеминистр, әкімдер жазаланатын болса, ол өз еркімен кетуі керек. Тікелей айтпағанымен, мүмкіндікті беріп отырған – президент, сенімді беріп отырған – халық, екеуін де ақтай алмай отырсаңыз, сіз ол орынға лайықты емессіз, және ол орында отыруға құқығыңыз жоқ деген сөз.
Десе де бүкіл жауапкершілікті бір ғана адамның мойына артып қою жаңсақ пікір дейді саясаттанушы. Инфляцияның қарқын алуы, бағаның бетімен кетуі, бірінен соң бірі істен шыққан құбырлар. Қоғамның бетіне қалқып шығып тұрған бүгінгі картинаға үкіметтен бастап, ауыл әкіміне дейін жауапты. Бірақ Әлихан Смайылов Үкімет басына келгенде есеп-қисаптан хабары бар қаржыгер экономиканың еңсесін тіктер деген бір үміттің жылт еткені анық. Экономистер қазіргі премьер алдыңғы үкімет басшыларынан ерекшелене алмады деген пайымда.
Мақсат Халық, экономист:
- Неге біздегі 20 пайыз инфляция? Неге сондай инфляция Қырғызстанда жоқ, неге сондай инфляция Арменияда жоқ? Неге Ресейде жоқ. Яғни біз көршілес елдердің ішіндегі инфляциясы ең жоғары ел боп отырмыз. Инфляцияны реттеу 20 пайыз десек, соның 15 пайызы үкіметтің жұмысына байланысты.
Жылдың басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Парламент сайлауынан кейін Үкімет түгел таратылмаса да, кей саланың басынан жаңа кадрлерді көреміз деген үміт басым. Әзірге саясаттанушылардың қара тізімінде ауыл шаруашылығы, индустрия және цифрландыру министрлігі тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!