Таразда «Қамқор локомотив» жұмысшылары жалақы көтеруді талап етті
Таразда «Қамқор локомотив» депосының қызметкерлері жұмысқа шығудан бас тартты. Олар басшылықтан жалақы көтеруді талап етіп, кеңсенің алдында топталып тұрып алды. Наразы жұрт еңбекақыны 100 пайызға өсіруді сұрап отыр. Мардымсыз жалақы жыртығымызды жамауға жетпейді дейді. Теміржолшылардың өзге де талап-тілегін тілшіміз КТК тілшісі біліп келді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
13.12.2022
«Лайықты өмір сүргіміз келеді» дейді локомотив депосының қызмкеткерлері. Мекеменің бүкіл жұмысшысы еңбек етуден бас тартып, бас кеңсенің алдында айғайға басты. «Алатын жалақымыз түкке жетпейді» дейді наразы жұрт. Сондықтан оны еселеп өсіруді талап етеді.
Қайрат Есқараев, «Қамқор локомотив» ЖШС қызметкері:
- Айлықты 100 пайыз көтерсін, тариф мөлшерін 100 пайыз көтерсін. Біз не істейміз, соны аламыз. Сол істегеніміздің де тарифін 100 пайызға көтерсін. Болды, баратын жеріміз қалмады. 13-ші айлықты қайта орынна қойсын. Төлеп берсін.
Компанияда 500-ден аса маман бар. Олар электровоз бен тепловоз жөндеумен айналысады. Наразы жұрт жұмыс 0 ауыр, жалақы – аз, күнкөріс қиындап барады дейді. Шулағандар қолға тиетін 100 мың теңгенің айналасындағы еңбекақы бір айлық азық-түлікке де жетпейтінін айтады.
«Сыйақымыз да мардымсыз» деген қызметкерлер арнайы киім мен жұмыс істейтін құрал-сайманға да жарымапты. Еңбекке керек-жарақтың бәрін өздеріне алдырады екен. Бұған нарызы болып қарсылық танытсақ, басшылық соңымызға шам алып түседі деп налыды.
Бердібек Бименов, «Қамқор локомотив» ЖШС қызметкері:
- Бастыққа барып нарызылығын айтқанның бәрін жұмыстан шығарып жіберді. Бәрі кетті. Енді бірге тұрамыз. Шыдам бітті. Егер мына төрт жігіттің біреуін тағы жұмыстан шығарса, жұмысты тоқтатамыз деп жатыр.
«Жылына 600 теміржол техникасын жөндейміз» деген компания басшысы «жұмысшылардың орташа жалақысы 234 мың теңге» деп салды. «Сыйақы да айма-ай беріледі» деп, міз бақпады. «Бұның өзі аз екенін жақсы түсінемін» деген директор: «еңбекақыны көтеру менің құзырымда емес» деп ақталды.
Ілияс Лесбаев, «Қамқор локомотив» ЖШС филиал директоры:
- Мен де жалдамалы жұмысшымын. Менің де қолымда емес. Бәрін жазып, Астанаға жіберейін. Астанадан комиссия келеді, соларға берейік, солар көрсін. Басшыларға, акционерлерге жіберейік. Көрсін.
Дау көтергендер Астанадан келетін комиссия оң шешім қабыладайды деген үмітте. Ал егер жағдай өзгеріссіз қалса, жұмысқа шығудан тағы да бас тартады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!