Алматыда құрылыс компаниясы мен серіктестік үлескерлерді алдап кеткен
Бір пәтерді екі адамға сатқан. Алматыдағы «Үш Қоңыр», «Весновка», «Сенім» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері осылай деп наразы. Development құрылыс компаниясы мен пәтерді сатқан «Лидер групп» серіктестігі өз үлескерлерін тақырға отырғызып кеткен.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
13.12.2022
Екі компания жұртқа жайлы баспананы жарнамалап, артынан өзгеге сатып білгенін істеді дейді. 40-қа жуық тұрғын қазір не ақшасын ала алмай, не үйіне кіре алмай жүр.
Жиылған жұрттың мұңы бір. Әрқайсысы үш жылда «Үш қоңыр» тұрғын үй кешенінен пәтер алуға тірнектеп жиған қаражатын құйған. Алайда әлі күнге дейін ешкім баспанасына кіре алмай жүр.
Данияр Ниязбаев, үлескер:
- 24 миллион. Толық төлеп алдым. Алатын кезде кілтін бір айдан кейін аласыз деген. Сегіз ай өтті. Не пәтер, не ақша жоқ. Пәтерді келіп қарасам, ол жерде жөндеу жүріп жатыр. Өзім таңдап, ішіне кіріп көріп алған пәтерімді басқа біреу жөндеп жатыр.
«Былықты ұйымдастырып отырған құрылыс компаниясы мен сатумен айналысатын – серіктестік» - дейді үлескерлер. Олар былай әрекет еткен: алдымен жұртты жер жарған жарнамасы мен ыңғайлы ұсыныстарымен қызықтырады. Мысалы, пәтерді алу үшін тек бастапқы жарна 20 пайызын шығарып, қалған қаражатты үй пайдалануға берілгеннен кейін төлесе болады. Алайда уақыт өте, келісім аяқ-асты өзгеріп кетеді.
Фатима Ибодуллаева, үлескер:
- «KB Development» басқарушысы – Мамиев Қайрат. Баста келісімшартпен Lider Group Consaltпен жұмыс істеген. Үш жылдан бері барлық тұрғын үй кешендегі үлескерлердің ақшасын алып сандалтып жүр.
Аида Мұхамеджан, үлескер:
- Бұл" Үш қоңыр" тұрғын үй кешеніне инвестор болып кірдік. 10-15 пәтер алдық. Кейбіреуін 100 пайыздан, кейбіреулерін 50 пайыздан құйдық. Ақшамызды құйған кездегі шарт үш-төрт айдан кейін өзгере бастады. Шамамен 200 миллиондай кетті, бастапқы кездегі құйғаным. Содан кейін тағы да құйдық. Одан екі есе көбірек болды.
Ашуға булыққан үлескерлер сату бөліміне басып кірді. Бірақ бұқараға тіл қататын ешкім болмады. Есігі құлыптаулы. Ал үлескерлерге пәтер сатқан компания сүттен ақ, судан тазамыз деп өзіне шаң жуытпады. Жұрттың ақшасын да толық қайтардық деп міз бақпай тұр.
Мәдина Нам, Lider Group Consalt ЖШС заңгері:
- 11 қарашада құрылыс компаниясы бізбен келісімшартты бұзды. Сондықтан біз сіздердің міндеттемелеріңізді орындай алмаймыз. Біздің құрылыс компаниясына еш қатысымыз жоқ. Мұнда тұрған үлескерлердің бәріне толық ақшаны қайтардық.
Қаражат кейбіріне қайтарылса да, ол ақшаға қазір дәл сондай үй сатып алу мүмкін емес дейді үлескерлер. Өйткені сол кезде құйылған теңгенің құнын қазіргімен салыстыруға келмейді. Полицейлер осы компанияның директорына қатысты алаяқтық бабымен тергеу жүріп жатқанын жеткізді.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
- Бостандық аудандық полиция басқармасының мәліметінше, биыл қазан айында полицияға бес азамат ресми шағым түсірген. Аталмыш дерек соталды бірыңғай тізімінде ҚР ҚК 190 бабы, 4 тармағы бойынша тіркеліп, қазір тергеу бөлімімен қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген тиісті тергеу жүргізіліп жатыр.
Егер қылмыс анықталса, директор 5 жылдан 10 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін. «Алдандық» деген 40 үлескер директордың сотталғанынан бұрын қазіргі нарық құнымен қаражат қайтаруын талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!