Шымкентте тоңған «Тұран-2» тұрғындары үй қабырғасын қиратып тастады
Баспанасын балғамен ұрып бұзып тастады. Шымкентте «үйіміз жылымайды» деген тұрғындар қабырғаларды қиратып тастады. Сапасыз салынған құрылыстан қыстай дірдектеп шығамыз дейді. «Тұран-2» шағынауданындағы баспаналар екі жыл бұрын салынған. Жылыту батареясы ыстық болғанымен, пәтер ішіндегі ауа температурасы 10 градустан аспай тұр.
Автор: Бек Әбиев
13.12.2022
Тізесі жылымаған тұрғындар қабырғаның жұқалығы мен жел гулейтін тесіктерді көрсету үшін үйдің ішкі-сыртқы қабырғаларын қиратып тастады.
- Міне, мына дуалдар суықтан қатып қалған. Міне, мынаны қараңыз. Сапасы осы ма?! Міне арасын қараңыз.
Ұстаған жері қирап жатқан үйлер былтыр пайдалануға берілген. Содан бастап тұрғындары сәл суық болса дірдектейді. Себебі, «Тұран-2» ықшамауданындағы бұл баспаналардың қабырғасы тым жұқа әрі сапасыз қаланған.
Бұл ауданда дәл осындай құрылыс материалымен салынған бірнеше тоғыз қабатты үй бар. Бәрі қыста жылымайды дейді тұрғындар.
Салтанат Балабаева, Шымкент тұрғыны:
- Құбырдан еш жылу келіп жатқан жоқ. Қабырғаны ұстасаңыз, кәдімгі даладағы қабырғаны ұстағандай боласыз. 6дан жоғары тышқан тесіп тастаған. Үйдің ішінде емес. қабырғаның ішінде жүр. Атсақ, дәрі тастаңыз дейді. Е, ол дәрі тастағанмен, ішінде өліп қалса, сасиды ғой. Мынаны дұрыс қаптамаған. Дұрыс істемеген.
Қабырғаның дұрыс қапталмағанын Айдос Төлепов пәтер ішінен көрсетті. Қолына балға алған ол қабырғасын қирата бастады. Сайман сүйкенген жер қабырға емес, шыныдай үгітіліп жатыр.
- Мынаның бәрінің арасынан жел кіреді. Қараңыз, мына жерге қазір бірдеңе қойсақ, жел ұрып тұр, көріңіздер. Бұл деген не сұмдық! Ауылда сарай соғады ғой, газоблокпен, бүйтіп көтеріп, төбесін жабады да. Малды қыстан аман алып шығу үшін. Шамалы жылы болса, +10 ба.
Ал пәтердің ішіндегі ауа температурасы 10 градусқа да жетпейді. Қыс бойы осындай азынаған баспанада жан бағып жатырмыз деген тұрғын Шымкентте талай табалдырықты тоздырғанын айтады.
Айдос Төлепов, Шымкент тұрғыны:
- Қашаңғы жылай береміз? Ана жаққа барасың, көмектеспейді. Әкімдікке барсаң, «ертең». Көктем болды, бәрі проблемамен кетеді. Қыста тағы осы. Міне, не мынау, мынаның бәрі тесік, жел гуілдеп тұр.
Ал «тұрғындар қиратып жатыр» дегенді естіген шенеуніктер мен үй салған мердігерлер жетіп келді. Олар үйдің қапталуы жоспарға сай дегенмен, кемшілік бар екенін мойындап, «кемшін тұсын түзетеміз» деп отыр.
Жанғали Бибатыров, «Ақ Орда корпорациясы» ЖШС басшысының орынбасары:
- Қосымша тағы да көріп шығамыз енді. Ашатын жерін ашып көреміз. Істелмеген жері болса, қосымша істеп береміз. Иә, жылы етіп етіп істеп береміз.
Қосымша жылыту материалдарымен орап береміз деген мердігерге тоңған тұрғындар он күн мерзім берді. Егер уәде орындалмаса, үй салғандармен қабылдап алғандарға наразылық ретінде қала әкімдігіне барып түнейміз деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!