85 жасқа қараған шағында балет әртісі Болат Аюханов өмірден озды
Бүгін 85 жасқа қараған шағында балет әртісі Болат Аюханов өмірден озды. 65 жылдан аса ғұмырын хореографияға арнаған балетмейстер артына өшпес із қалдырды. Көптеген шәкірт тәрбиелеген аңыз адам халықтың есінде қазақ ерлері арасынан ең алғаш болып шыққан балет бишісі ретінде тарихта қалды.
Автор: Салтанат Шырынхан
13.12.2022
Болат Ғазизұлы Аюханов 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында туған. Еңбек жолын 1957 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет әртісі болып бастады. Балетмейстер қызметіне кірісіп, талай шәкірт тәрбиеледі. 1967 жылы «Алматының жас балеті» ансамблін құрып, билер, хореография миниатюралары мен композицияларды сахналады – «Аққу», «Айтыс», «Аңшылар биі», «Жайдарман», Равельдің "Болеросы», Булгаровскийдің «Қазақ сувенирі», Исакованың «Гамлет», «Жарыс», «Батырлар», Қажығалиевтің «Керуен», Закировтың «Мәңгүрт», Бизе-Щедриннің «Кармен-сюитасы».
Аты аңызға айналған тұлға "Біздің жеріміздің байлығы", "Жауым, тоғызыншы ұлдан қорық", "Түнектің әміршісі", "Айдай сұлу Айсұлу ертегісі туралы" сынды бірнеше кинофильмге де түскен. Талай жыл балет бишілерін шындаған хореограф күні кешеге дейін Мемлекеттік академиялық би театрының директоры қызметін атқарды. Қазақстанның халық әртісімен қоштасу рәсімі 15 желтоқсан күні сағат 10-да Абай атындағы Опера және балет театрында өтеді.
Гүлфида Ғафурова, ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының балетмейстері:
- Бүгін хореография өнері үшін қайғылы күн. Өйткені орны толмас қаза балет әртістерін – ұстазынан, ал халықты – мықты әртісінен айырды. Тауымыз шағылып отыр. Болат Аюханов нағыз нар тұлғалы, талантты, еңбек сүйгіш, жастарға білгенін үйретуден шаршамайтын кісі еді. Артында ауыз толтырып айтарлық іс пен із қалды. Енді оны мақтанышпен ары қалай мұра етіп жалғастыруға уәде береміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!