Қарызға батып қиналғандарға енді банкрот деп танылуға мүмкіндік болады
Қарызға белшеден батып, ақшасын қайтара алмай қиналған тұрғындарға енді банкрот деп танылуға мүмкіндік болады. Талай уақыттан бері талқыға түскен заң жобасын бүгін мақұлдады.
Автор: Айғаным Достанбай
14.12.2022
Бұл құжат бойынша кімдердің кредиті кешірілетінін және оларға қандай қатаң талап қойылатынын қаржы министрі айтып берді. Ел азаматтарының қандай бөлігі қарызынан құтыла алады? Несие аларда үйін кепілдікке қойғандар нені білуі керек?
Қаржы министрінің жыл бойы толғатқан заң жобасы парламентте талқыланды. Әдетте шенеуніктер заң жобасының мәтінін баяндамаға шұқшиып, өзге түгелі, өзіне түсініксіз тілде зырылдатып оқып шығатын. Президент пен Үкімет басшысының сынынан қорытынды шығарайын деді ме екен, Жамаубаев қолындағы құжатты халыққа ұғынықты, қарабайыр тілмен дайындап әкеліпті. Солай болуы да керек. Қаржы министрінің қарызға белшеден батқандарға үш ұсынысы бар.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Рәсімнің үш түрін енгізуді ұсынып отырмыз. Бірінші рәсім — соттан тыс банкроттық рәсімі, оған азаматтар келесі шартпен өтініш бере алады. Бірінші — банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден аспаса, ресми кірісі жоқ және ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табысы болса, бұл 3618 теңге.
Ал банк алдындағы берешегіңіз 4 миллион 900 мың теңгеден асып кеткен жағдайға қарыздан құтылу үшін сотқа жүгінесіз. Мәселен, банкпен келісімшартқа отырғанда сіз үйіңізді кепілге қойған болсаңыз, банк баспанаңызды сатуға қоюға құқылы. Түскен қаражатқа сіздің қарызыңыз кешіріледі. Заңның осы тұсына келгенде депутаттар министрдің сөзін бөлді. Егер ол азаматтың меншігінде жалғыз ғана баспана болатын болса, банк неге оны далаға айдап шығуы керек деп кейіді.
Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты:
- Қазіргі таңда бұл заңды бүкіл халық күтіп отыр. Яғни біз осы азаматтардың жалғыз үй мәселесін нақты шешуіміз керек. Олар банкке кепілге берілмеуі керек. Осы мәселені қалай шешеміз?
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Егер ол жалғыз үй болса да, қандай үй болса да, банкте кепілде тұрса, кезінде келісілген, банкпен шартқа отырған. Сондықтан сатылатын массаға кіреді. Егер кепілге берілмесе, заңда сатуға қоюға қарсымыз.
Азаматтар банкрот деп тану туралы өтінішін жазғаннан кейін ұялы телефоныңызға тыныштық бермей жүрген банктердің қоңырауы бірден сап тыйылады. Бірақ алмақтың да салмағы бар. Есесіне сізді 5 жыл бойы қаржы ұйымдары маңына да жолатпайды, шетелде демалу дегенді тіптен ұмытасыз. Ал егер жоқ, бұл шарттарға көндіге алмаймын десеңіз, қарыздан құтылудың үшінші жолы бар — уақытша банкроттық мәртебе. Бұл кредитіңіз кешіріледі деген сөз емес. Тұрақты табысыңыз болып, жұмысқа орналасқанға дейін азаматқа уақыт беріледі. Заң күшіне енгеннен кейін қарызынан құтылуға асыққан азаматтардан толассыз өтініш үсті-үстіне келіп түсетіні анық. Жұмысының екі, бәлкім үш есеге көбейетінін сезіп отырғандықтан болар, Жоғарғы сот өкілінің жүйкесі сыр бере бастады.
Елдос Жұмақсанов, Жоғарғы сот әкімшілігінің орынбасары:
- Бірінші рет қатысып отырмын Мәжіліске, қобалжып отырмын. Кешірім өтінемін. Практикасы бар. Соттар дайын. Бізге салмақ салса болды, негізі бізде практика бар.
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жібереді. Ал президент қол қойып негізгі процесс басталғаннан кейін небір пысықай пайда көзін іздей бастайтыны анық. Жамаубаев заңда мұны да ескеріпті. Банкроттық деп тану бойынша қандай да бір заңсыздыққа барғандар алаяқтық бабымен жазаланады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!