Жаңаөзендегі параспортшылар өз спортзалына кіре алмай жүр
Жаңаөзендегі мүмкіндігі шектеулі спортшылар бірнеше айдан бері өзіне арналып салынған спорт залға кіре алмай жүр. Ғимарат бірнеше ай бұрын дайын болған. Бірақ нысанды салған құрылыс компаниясы әлі пайдалануға бермей отыр дейді тапсырыс берушілер.
Автор: Айман Нұрмағанбет
14.12.2022
Соның салдарынан параспортшылар қаладағы мектептердің спортзалында жаттығу жасап, жарыстарға дайындалып жүр. Бірақ көптеген білім ошақтарында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған. Сондықтан олар су жаңа спорт залдың тезірек ашылуын талап етуде.
Мұрат Оңғарбаев 15 жыл бұрын өндірісте жарақат алған. Содан бері өмірі күрт өзгерген. Мүгедектігімен жәрдемақы алып, шағын жұмыс орындарын жағалаған. Қатты күйзелістен спорт құтқарды дейді ол. Бүгінде еліміздің паралимпиада құрамасына қабылданып, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Егер үздіксіз жаттығу жасайтын өзіміздің спорт залымыз болса, үлкен, биік белестерді бағындырар едік дейді спортшы.
Мұрат Оңғарбаев, Паралимпиада ойындарының қатысушысы:
- Еден мұздай суық. Денсаулығына қатер. Спортзалымызды екі жылдай болды береміз дегеніне. Соны күтіп отырмыз. 11 дүркін Қазақстан чемпионымыз. Қазір үшінші орын, екінші орын алып жүрміз. Спорт залымыз тезірек ашылса, жетістіктеріміз одан да биік болады деп ойлаймын.
Параспортшыларға арналған спортзал салуға мұнай компаниясы 400 млн теңге бөлген. Құрылыс аяқталып, параспортшылар нысанның ашылуын асыға күтіп жүр. Бірақ бәрі нәтижесіз. Дайын тұрған кешеннің есігі тарс жабық.
Құралбек Сейітов, «Алға» мүгедектер спорт клубының төрағасы:
- 30 жылдан бері мектеп жағаладық. Мектептерде жаттығу жасадық. Қазіргі таңда әлем аренасында өнер көрсетіп жүрміз. Осы спорт зал бізге берілу керек еді. Мүгедектерге деп салыну керек еді. Себептерге байланысты осы берілмей жатыр. Күте тұрың дейді. Қашанғы күтеміз.
Мүгедектерге арналған спорт нысанының тапсырыс берушісі — Жаңаөзендегі №24 мектеп-лицейі. Ғимарат мектеп ауласына салынған. Білім ошағының басшысы нысан тамыз айында берілу керек еді дейді. Бірақ кем-кетіктері шығып, мердігер әлі орындамай отыр дейді мектеп директоры.
Қалдыбике Батырова, Жаңаөзен қаласы, №24 мектеп-лицейінің директоры:
- Мердігер мекеме 31 тамызда тапсыруы керек еді. Бірақ әлі тапсырған жоқ. Қазан айында келді. Сол 31 тамыз айындағы құжатпен. Құжаттары талапқа сай емес. Кейбір кемшілігі айтылды. Бірақ соны ескеріп, тым құрығанда уақытында орындалмаса, кепілдеме хат беріп, осындай уақытта әкелемін деген еш құжат болмады.
Ал мердігер мекеме кемшілік толық жойылды дейді. Бірақ тиісті орындар қабылдау актісіне қол қоймай отыр. Қос тарап қазір соттасып жатыр. Сондықтан спорт залдың ашылуын параспортшылар әлі ұзақ күтуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!