Мәулен Әшімбаев: Тілшілер Екібастұздағы апатты дұрыс таратты
Тілшілер дұрыс ақпарат таратты. Вице-премьер Роман Склярдың «Екібастұзда әлемдік катастрофа болмады» деген мәлімдемесімен Сенат төрағасы келіскен жоқ.
Автор: Елдос Есенбол
15.12.2022
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
- Сондай апат болмады деп айтуға болмайтын шығар. Өйткені біраз адамдар қиналды. Мұның барлығын беріп жатырсыздар. Бұл жерде бір эмоция болуы мүмкін. Жағдай қиын болып тұрды ғой. Тұрғындардың да эмоциясы болған шығар. Заңды да, орынды. Оның бәрін түсінеміз. Өңірлердегі журналистер бар, республикалық журналистер бар, БАҚ бар олар, негізінен объективті түрде берді деп ойлаймын.
Үкімет пен Парламент, өңір басшылары Екібастұздағы жағдайдан сабақ алуы керек деді Әшімбаев. Сенат спикері де елдегі жылу жүйесінің әбден тозғанын айтып, оны жаңғыртуға миллиардтаған қаражат керек деп түйіндеді.
Кеше премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тілшілерге назын айтқан. Оның пікірінше, Екібастұздың жағдайын жеткізген журналистер тым әсірелеп жіберген. Тіпті «Жаураған Екібастұз» деген тіркес тұтас шаһарға емес, тек үш ауданға қарата айтылды деп отыр. «Бірнеше тәулік бойы өзім сонда болдым» деген вице-премьер, объективті ақпарат таратпаған тілшілерге өкпелеген еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!