Екібастұздағы коммуналдық апат толық реттелді
Екібастұздағы коммуналдық апат толық реттелді. Жарты ай бойы қақаған қыста бүрсең қаққан тұрғындардың тізесі жылына бастаған.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.12.2022
Олар үйіне жылу мен ыстық су берілгеніне қуанышты. Қазір мамандар жөндеуге қатысты басты шаруасын бітіріп, қалған кем-кетіктерін түзеп жатыр.
Екібастұз тұрғыны Светлана Босько бүлінген пәтерін жөндетіп жатыр. 47 жастағы әйел екі апта бұрын шаңырағында ыстық су атқылап құбыр жарылғанда қалай қиналғанын айтып тауыса алмайды. Сол кездегі көлкіген судың кесірінен қазір қабырғадағы түсқағазадан бастап, ісінген еденді де ауыстыруға тура келген.
Светлана Босько, Екібастұз қаласының тұрғын:
- 29 қарашаға қараған түні бөлмеде батареялар жарылды. Не істерімізді білмей қалдық. Ертесіне екінші бөлмедегі жылу құбыры тағы жарылды. Үйдегі ит-мысығымыздың табаны күйіп қалды. Бар дүниеміз бүлінді.
Жергілікті әкімдікке жарылған құбырдың кесірінен баспанасы бүлінген тұрғындардан 300-ге жуық арыз түскен. Көбісі өз күшімен жөндеуге кірісіп кетіпті. Шенеуніктер шығынды өтеу үшін құрылыс материалын сатып алуға кеткен қаржының құжатын жинаңдар деп отыр. Одан бөлек, екібастұздықтар жылу мен жарыққа екі айға ақша төлемейді. Барлық шығынды апат болған жылу электр орталығы өз мойнына алған. Жұмысшылар жылу құбырларындағы кем-кетіктерді жою үшін әлі жұмыс істеп жатыр.
Дархан Ералин, коммуналдық мекеме қызметкері:
- Апат болғаннан бері тынбастан жұмыс істеп жатырмыз. Қызметіміз ауыр. Демалыс дегенді ұмыттық. Аязды күні үсті-басымыз малмандай су болып, жұмыс істеу оңай емес. Тоңдырмай, ыстық шай әзірлеп, тамақпен қамтыған еріктілерге де алғысымыз шексіз.
Бауыржан Меңдіғалиев орталықтағы апаттан кейін біраз мәселеміз шешілді дейді. Жылдар бойы жылуға жарымаған тұрғын үйлерге қондырғылар орнатылып, денеміз жылып қалды дейді ол.
Бауржан Меңдіғалиев, Екібастұз қаласының тұрғыны:
- Бұрын да оңдырып жылу бермей келді. Былтыр қыс бойы тоңып шығатын едік. Жылу айдайтын қондырғы орнатуды бірнеше жыл қатарынан сұрадық. Жақында соны қондырды. Енді үйіміз жылып, жақсы болып қалдық.
Екібастұзда әзірге мектеп пен балабақшалар жабық тұр. Ондағы жылу деңгейін әлі реттеп жатыр екен. Бірақ жергілікті билік қала жаппай мұз болып қатып қалды деп байбалам салудың қажеті жоқ деп отыр.
Аян Бейсекин, Екібастұз әкімі:
- Қазір біз жылусыз қалған көпқабатты үйлердің 80 пайыздан астамын толық реттеп болдық. Бұған дейін Екібастұзда барлық үй жылудың жоқтығынан мұз болып қатып жатыр деген әңгіме болды. Бізде қалада тек 70 көппәтерлі үй мен 200-ге жуық жеке сектордағы үй жылусыз қалды. Қазір бәрінде жылу бар.
Екібастұздағы коммуналдық апатқа қатысты тексерудің бірнеше айға созылатын түрі бар. Бірақ осы жағдай елдегі бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан коммуналдық мәселелердің көтерілуіне түрткі болды. Тіпті Президент үкіметке энергетикалық активтерді жаппай бақылап, оны мемлекетке қайтару жағын қарастыруды тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!