Ақтауда тұрғын үй өртінде алты адам қаза тапты
Қарағанды облысы Ақтау кентінде тұрғын үйде болған өрттен 6 адам қаза тапты. Олардың арасында 12 және 15 жастағы балалар бар. Бір өкініштісі, бес адам өрт ошағында емес, түтін басқан подьезде тұншығып өлген.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
16.12.2022
Бес марқұм да жоғарғы қабаттың тұрғындары. Олар жасы 31-ден енді асқан ерлі-зайыптылар мен екі баласын құтқаруға тырысқан жалғызбасты ана. Қазір өрт сөндіру қызметінің зертханасы мен тергеушілер қызыл жалынның неден тұтанғанын анықтап жатыр.
Марқұмдардың екеуі осы пәтерде тұрған ерлі-зайыптылар. Көзге түртсе көргісіз қара түтінде олар подьездге жанұшыра жүгіріп шыққан. Ал мына пәтерде жалғызбасты ана екі баласымен подьезге тұра ұмтылған. Олардың денесін баспалдақта шашылып жатқан жерінен көршілері тауып алып, далаға алып шыққан.
Марқұм болғандардың көршісі Елена Азиацева әлі есін жия алмай жылап жүр. Түнгі сағат екі шамасында өрт шығып, барлығы азан-қазан болған. Бірақ ол түнде түтінге толған есікті ашқанымен, подьезге аяқ баспаған. Күйеуі мен үш баласын оятып терезеге қарай ұмтылыпты. Терезені ашып, оған жақын орналасқан көршінің балконына түскен.
Елена Азиацева, Ақтау кентінің тұрғыны:
- Зыр жүгіріп балаларды киіндіріп те үлгермей, терезені аштым. Көршінің балконына түскеннен кейін ғана балалардың үстіне көрпе беріп, өрт сөндірушілерді күттік. Біз секіріп түскен балкон қаза болған көршімдікі. Егер олар далаға қашпағанда аман қалар еді.
Тұрғындардың көбі балконға шығып аман қалған. Кейбірі тіпті терезеден де секірген. Бір тұрғын аяғын да сындырыпты.
Нұрболат Дербісов, ҚР ТЖД Өртке қарсы комитетінің төрағасы:
- Төрт адам әртүрлі дене жарақатын алған. Сондай ақ өрт сөндірушілер баспалдақпен тыныс алу аппараттарының көмегімен түтін басқан кіреберістен 10 адам, оның ішінде 4 баланы құтқарып қалды. Оқиға орнында сынақ зертханасының мамандары мен тергеушілер жұмыс істеп жатыр.
Өрт шыққан үш бөлмелі пәтерде 45 жастағы ер адамның денесі табылған. Үй қожайыны жалғыз тұрған екен. Өрттің неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Бірақ тұрғындар мардымсыз жылудан электр жылытқышын үнемі пайдаланатынын айтады.
Найля Воронина, Ақтау кентінің тұрғыны:
- Міне, пәтерімде жылытқыш пеш қосылып тұр. Дала суық қой. Ал төрт үйге жылу беретін қазандықта от жағушы жетіспейді. Олар ішіп кеткен күндері отты тұрғындар өзіміз жағамыз. Үй суыса, электр пешін қосамыз. Жылда қыста шығатын өртке солар себеп болады. Ақтауға ортақ қазандық салып беріңдер дегенімізге құлақ асар жан жоқ.
Жеті мың тұрғыны бар Ақтау кентінде өрт сөндіру қызметі де жоқ. Сондықтан өртті сөндіруге асыққан мамандар Теміртаудан 35 минутта келіпті. Олар жеткенше түтінге тұншыққан бес адамның денесі далада жатқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!