Екібастұзда батереялары тұтас үйді жылытуға қауқарсыз
Екібастұз тұрғындары үйімізге жылу жеткенімен, бойымыз жылынбай отыр деп шағымданды. Айтуларынша, тоңазып қалған батереялар тұтас үйді қыз-қыз қайнатуға қауқарыз. Сондықтан, бірі қабат-қабат киіммен күнелтсе, енді бірінің дастарханы жиылмайды. Тек қонақ күткендіктен емес, ас-судың буына жылыну үшін.
Автор: Елдос Есенбол
20.12.2022
Екібастұз көшелерінде әлі бе құбыр жамаған жұмысшыларды кездестіресіз. Қала әкімі бұған не дейді?
Мынау мұз жамылған машинаның суреті желіде тарап, Екібастұздың символына айналғандай еді. Екі апта бұрын қаланың ахуалын көрсетуге келген бізді де таңдай қақтырған. Бұл жолғы сапарымызда кездейсоқ темір тұлпардың иесін кездестіріп қалдық.
Алпыс Түгелбааев, Екібастұз қаласының тұрғыны:
- Бірақ күнде, түнде неткен ғой. Мынаның бәрі мұз. Пультпен ашылмайды. Ұлым жұмыста болған. Ол келем дегенш, қазір енді осы.
Осылайша Алпыс ақсақал бір күнде көліксіз қалыпты. Оның ендігі амалы….
Хош, жансыз темірдің бір жайы болар. Адамның хәлі қалай екен деп үйлерге бас сұқтық. Мысалы, Римма әжей киіз байпағы мен түбіт шәлісін шешіпті. 75 жастағы кейуана құбыр ауыстырылып, жылу жеткесін өзім ғана емес, өсімдіктер де бусанып сала берді дейді.
Десе де кешегі апаттың салдары әжейдің пәтерін айналып өтпепті. Қыстың көзі қырауда түсқағаз ауыстырып, бөлменің ажарын кіргізгелі жатыр. Жалпы тұтас қаладағы жылу мәселесі әлі де тұрақтала қоймаған. Мысалы Әуезов көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары жылудың рақатын көріп отырғанымыз шамалы деп налиды.
Бұның өзі сырттағы ауа райы жаймашуақ болғасын. Қақаған аязда термометр бағаны тіптен төмендеп кетеді.Сондықтан күні-түні тамақ әзірлеп, бойын ас-сумен жылытуға мәжбүр.
Айгүл Қоғамбаева, Екібастұз қаласының тұрғыны:
- Тамақ қойып жылытамыз. Күні бойы бешбармақ, сорпа, өйткені сорпамен ғана жылынады. Соны пісіріп жейді балалар. Үй салқын. 40 градус суықта курткамен жүрдік. Төсекке осылай жатамыз. Сапсалқын.
Тәулік бойы тоқтан ажыратпағасын пештер де көтере алмай жарамсыз болып қалған. Көбінің қабат-қабат киіммен жан сақтап отырған жайы бар.
Зәуреш Жұмаділова, Екібастұз қаласының тұрғыны:
- Жылу барыбар бірақ, салқын. Үйді жылыта алмай тұр. Мына күннің көзі шыққанда жылымшы болады. Үйде киіммен жүреміз, міне, қалың киіммен. Бәрі әне ілініп тұр. Балалар осылай жүр.
Әйтеуір бұл жолғы сапарымызда тоң қатқан жерді қопарып құбыр ауыстырған жұмысшыларды көрмедік дей бергеніміз сол еді, көзіміз өтті ме, сөзіміз өтті ме, әйтеуір мына жағдайға тап болдық. Енді мына тесілген құбырдың кесірінен мынау көпқабатты үйді, әріректегі мектепті, одан әрі орналасқан әкімдік ғимаратын да жылудан ажыратуға тура келеді.
Шаһардың басшысын мектептің жайымен танысып келе жатқанда жолықтырдық. Әкім бәрі қалыпты дейді. Тіпті тұрғындардың шағымынан да хабардар екен.
Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:
- Қаладағы басты қазіргі мәселе негізгі манистральдарда керекті параметрлер қамтамасыз етілген. Алдымызда тұрған мәселе квартал ішілік жылу желілерінде температураны қалыпқа келтіру. Осы наладка бойынша төрт бригада жұмыс істеуде. Соңғы жылу желілерінің бойында орналасқан көпқабатты үйлерден шағымдар түсуде.
Сонымен Бейсекин мырза бас-аяғы екі аптаның көлемінде Екібастұз халқы қыз-қыз қайнап, алаңсыз шайын ішеді деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!