Энергетика министрі 182 млрд сұрап отыр
Еліміздегі жылу электр орталықтарын жөндеуге 182 млрд теңге қажет. Энергетика министрі осынша ақша сұрап отыр. Жылу желілерінің тең жартысы да тозып тұр. Сондықтан оларды ауыстыруға да қыруар қаражат керек. Үкімет қажет ақшаны берген күннің өзінде, мәселе мұнымен түбегейлі шешілмейді екен.
Автор: Айғаным Достанбай
20.12.2022
Болат Ақшолақов елдегі бірнеше жылу электр орталықтарын бұзып, қайта салғаннан басқа амал көрмей отыр.
Еліміздегі 37 жылу электр орталығының салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Энергетика министрі мұндай жаға ұстатарлық мәліметтерді қыстың қақ ортасында емес, сала басына келе салысымен дабыл қағуы керек еді. Бірнеше қаладағы ірі апаттарға байланысты президенттен сөз естігеннен кейін ғана Болат Ақшолақов жылу электр орталықтарының жай-күйіне талдау жасап, алып келген.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
- Жылу электр орталығының орташа пайдалану мерзімі орташа 61 жыл. Олардың шамамен 76 пайызы 50 жылдан астам жұмыс істиді. 10:59 Мемлекет басшысының 2021 жыл 1 қыркүйектегі жолдауын іске асыру үшін 2023 жылы инвестиция орнына тариф жаңа бағдарламасын қабылдау мәселесін пысықтауда.
37 жылу электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа енген. Яғни апатты жағдайда деген сөз. Сары аймаққа 11 және жасыл аймаққа 7 ЖЭО еніп отыр. Әсіресе Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы қазандықтар қалт-құлт етіп әрең жұмыс істеп тұрғандықтан, жөндеу жұмыстарын тездетпесе болмайды дейді министр.
Қысқасы, министр Жылу электр орталықтарын жөндеуге қазынадан 182 млрд теңге сұрап отыр. Бұл тек мемлекетке қарасты жылу электр орталықтарына кететін қаражат. Ал жекенің қолындағы 22 жылу орталығының жыртығын меншік иесі өз ақшасына жамауы тиіс. Үкімет Ақшолақовтың сұрап отырған миллиардтарын кешіктірмей берсе, 2023-тің бірінші жартыжылдығында жөндеу жұмыстарын бастаймыз дейді министр. Бірақ мұнымен мәселе біте қойса жақсы. Қайткен күнде де, Жылу электр орталықтары түгелдей қайта салынуы керек.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
- Жөндеу жұмыстарының тиімділігі бәрібір де жаңадан салынған электр орталыққа жетпейді. Жүз пайыз күшті болып кетеді деп айта алмаймыз. Осыны түсінуіміз керек. Сондықтан да жаңасы салынуы керек.
Жылу электр орталықтары жөнделгенімен, жылу тасымалдайтын желілер сол ескі-құсқы қалпында қалатын болса, қазына қаражаты құмға сіңгенмен тең. Қазір жылу құбырларының да тең жартысы тозып тұр дейді жауапты министр.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Бүгінгі таңда қалалардағы жылу желілерінің ұзындығы 12,1 мың км құрайды, оның ішінде 6,7 мың км ауыстыруды талап етеді, орташа тозу 55%. Инвестициялардың қажетті көлемі шамамен 2,2 трлн теңге.
Күз айларында облыс әкімдері премьер-министрге жылыту маусымына тас түйін дайынбыз деп есеп берген. Өңірлердің бізге берген ақпараты шынайы картинамен қабыспайтын болып шықты дейді Смайылов.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Тексерулер басталды. Өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді. Бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмеген. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ.
Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары Екібастұздағы жылу электр орталығын мемлекетке қайтару туралы сөз қозғады. Роман Скляр меншік иесінің нысанды 1 теңгеге саудалап отырғанының астарына күмәнмен қарап отыр. Олигархтың қағаз жүзінде көрсеткен сандары шынымен де жөндеу жұмыстарына жұмсалды ма, жоқ па? Жауаптылар ендігі жылдың бірінші тоқсаныннан бастап тексеріс жүргізеді. Содан кейін ғана мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!