Дәрігердің салғырттығынан жапа шеккендерге 4 миллион төленуі мүмкін
Дәрігердің салғырттығынан жапа шеккендерге 4 миллион теңге төлемақы төленуі мүмкін. Мысалы, адам өлімі үшін 1000 айлық есептік көрсеткіш, баланы сал қылғаны үшін 500 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады.
Автор: Әзиза Төленби
21.12.2022
Бүгін денсаулық сақтау министрі өзгеріс енгізілген заң жобасын Мәжілісте таныстырды. Ажар Ғиният абайсызда адам өміріне зияны тигені үшін дәрігерлерді соттамауды немесе жазасын жеңілдетуді сұрап отыр.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Заң жобасында айыппұл мөлшерін және денсаулығына орташа және ауыр абайсызда зиян келтіргені үшін қамауға алу мерзімін төмендету, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіргенде немесе қайтыс болғанда бас бостандығынан айыру жазаcының мерзімін қайта қарай отырып, «бас бостандығын шектеуге» ауыстыру ұсынылып отыр.
Алайда бас дәрігердің ұсынысын Бас прокуратура қолдап отырған жоқ. Бұл фармацевтер мен медицина қызметкерлерінің жұмысына жауапкершілігін азайтады деп санайды қадағалаушы орган. Ал пациентке келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді сақтандыру компаниясы жүргізеді. Төлемнен бас тартқан немесе қанағаттанбаған жағдайда науқас сотқа жүгінуге құқылы. Айта кетерлігі, 2018-2020 жылдары ақ халаттыларға қатысты 14 мыңнан астам арыз түскен екен. Ал жыл сайын кәсіби міндетін тиісті орындамағаны үшін үш жүз медицина қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Көбі хирургтар, акушер-гинекологтар, травматологтар мен анестезиологтарға көңілі толмайды. Заң жобасын мәжілісмендер бүгін бірінші оқылымда мақұлдады. Әлі де талданатын тұстары бар. Жалпы, депутаттар дәрігерлердің біліктілігіне сенеді.
Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:
- Егер осылай сақтандыру бойынша өтемақы төлеу, жазаны жеңілдетуді қолданбасақ, жақын арада біз хирург, анестезиологтарсыз қаламыз. Дәрігерлер әдейі істейді, біреуге қасақана зиянын тигізеді деп ойламаймын. Бес жылға бас бостандығынан айыру да даулы мәселе. Бұны өте мұқият қарау керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!