Қазақстан-Ресей медуниверситеті Зұлхарнай Сейітовтің 100 жас мерейтойын ұйымдастырды
Ғасыр жасаған соғыс ардагері. Қазақстан-Ресей медициналық университетінің ұйымдастыруымен Алматыда профессор, атақты биохимик Зұлхарнай Сейітовтің 100 жас мерейтойы атап өтілді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майданнан оралған соң да елі үшін атқарған еңбегі зор.
Автор: Салтанат Шырынхан
20.12.2022
Өмір жолынан сыр шертіп, ғасыр бойы жасаған игі істері жайында ғылым ордасында есеп берілді. Мерейтойға қорғаныс министрлігі арнайы құттықтау жіберген.
Мұхамеджан Таласов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Құрметті Зұлхарнай Сейітұлы, сізді бір ғасырлық тойыңыз, 100 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз саналы ғұмырыңызды биохимия ғылымының дамыту саласына арнадыңыз. Ел басына күн туған кезде қалам орнына қару алып, Отанымызды жаудан қорғау үшін майданға аттандыңыз. Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға амандық тілеймін.
Осылайша соғыс ардагеріне еліміздің қарулы күштерінің атынан ең үздік «Ел қорғаны» медалі табысталды. Бұған дейін де ұлы ғалым ғасырлық ғұмырында 15-ке жуық ордендермен марапатталған. Яғни ғылым саласына қосқан үлесі үшін «Құрмет» және «Ерең еңбегі үшін» сияқты еліміздің ең жоғарғы дәрежелі медальдары берілген.
Зұлхарнай Сейітұлы 1922 жылы Жаңа Қыпшақ ауылында дүниеге келген. Жастайынан қиындық көрген ол, небәрі 19 жасында өз еркімен соғысқа аттанады. Майданнан оралған соң ғылым саласына бет бұрған. Бүгінде 1500-ден аса ғылыми жұмыстың авторы. Биохимияға қатысты қазақ және орыс тілінде кітаптар жазған. Бүгін сол еңбектерінің ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсауы да кесілді.
Камалладин Шәріпов, биология ғылымының докторы:
- Бұл кітаптың алғашқы түпнұсқасы бар. 1980 жылдары Зұлхарнай Сеитұлы «Биохимия» кітабын алғаш болып орыс тілінде жазды. «Биохимия» кітабында ол тек қана амино қышқылдары, белоктардан басталмай, тек қана зат алмасу процесіндегі жүйке жүйесінің, дәнекер ұлпасының, бауыр биохимиясын да сипаттап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!