{metadescription}
Алматыда қаңтар құрбандарына «Тағзым» мемориалы ашылды
Алматыда қаңтар құрбандарына «Тағзым» мемориалы ашылды

Алматыда қаңтар құрбандарына «Тағзым» мемориалы ашылды

«Үзілген өмір қайта жалғанбайды». Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды. Салтанатты рәсімге президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сол қаралы күндері қаза тапқан марқұмдарды еске алды.

Мемлекет басшысы қаңтар қасіреті ел тарихындағы ең күрделі кезең ретінде халқымыздың жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Сондықтан қанды оқиға бәрімізге сабақ болып, тыныштық пен бейбітшіліктің қадір-қасиетін түсінуге шақырды. Ал елдің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау перзенттік парызымыз екенін еске салды.

Қаңтар оқиғасының өткеніне жылға жуықтады. Сол дүрбелеңнің ошағына айналған Республика алаңында бүгін тарихи кешен бой көтерді. «Тазғым» мемориалының ашылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, гүл шоғын қойды. Салтанатты рәсімге жиналғандар қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мемлекет басшысы қасіретті қаңтар елдігіміз сыналатын ең күрделі оқиғаның бірі болғанын атап өтті. Президент тәуелсіздігіміздің бойтұмары болған қалада бой көтерген мемориал тарихи орынға айналатынына сенімді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның аспанын қара бұлт торлаған күндер мәңгі жадымызда қалып, опат болған жандар ұмытылмайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «ел болып қаламыз ба, жоқ па» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік.

Еліміздің түкпір-түкпірінде басталған бейбіт шеру бейберекетсіздікке ұласқан еді. Алматы қаңтар оқиғасында ең қатты жапа шегіп шығынға батқан шаһар. Алып қаланың тас - талқаны шықты. Бүлінген дүние-мүлік, қираған нысандар бірте-бірте қалпына келтіріліп жатыр. Ал өмірі қиылған жандар қайтып келмейтінін ұмытпай, осы оқиғадан сабақ алуымыз керек дейді президент.

Жалпы, атыс-шабыста бас-аяғы 230 адам көз жұмды. Оның 19-ы құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Құрбандардың қатарында қаңғыған оқтан кездейсоқ мерт болған бейбіт тұрғындар көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – Президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана, осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев егемендігімізге қатер төнген сындарлы шақта ұлт болып ұйыса білгеніміз бірліктің арқасы деп отыр. Мемлекет басшысы енді тұтас ел болып жаңғыру және жаңару жолына аяқ бастық деді. Жаңа парақтан басталатын Қазақстанның дамуына бар күш-жігерімді жұмсап, халқымыздың амандығын сақтауда аянып қалмаймын дейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жыл басынан бері қысқа мерзім ішінде біраз іс атқарылды. Біз жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституциямызды қабылдадық. Қазір алдымызда ауқымды әрі күрделі жұмыс тұр. Әрине, бұл тек басы ғана, бұл жолдың оңай болмайтыны анық. Бірақ біздің басты мақсатымыз баршаға айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру және бәріне бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдар қымбатшылыққа қарсы шыққандар мен қарулы қақтығысқа қатысқандардың ара-жігін ажыратқанын жеткізді. Мемлекетте төңкеріс жасап, қантөгісті ұйымдастырғандар тиісті жазасын алатынын тілге тиек етті. Ал жалған ұранның жетегіне еріп ауыр қылмысқа бармаған азаматтарға президенттің жарлығымен рақымшылық жасалған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Сол күндердің мәнжайын жан-жақты қарастырып, қамауға алынғандарға заң тұрғысынан көмек көрсету үшін құрамына еліміздің беделді құқық қорғаушылары енген қоғамдық комиссиялар елеулі үлес қосты. Мұның бәрі болған оқиғаға шынайы қарауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, алайда ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға менің Жарлығыммен рақымшылық жасалды.

Мемориалдың ашылуына марқұмдардың туыстары, шенділер, полиция қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері де қатысты. Олар ынтымақсыз ырыс, бірліксіз береке болмайтынын сын сағатта жете түсінгендерін айтады. Ал, Республика алаңына қойылған тас тұғыр шейіт болған азаматтардың рухына тағзым етіп, Тәуелсіздіктің қадірін бағалайтын орынға айналуы тиіс деген пікірде.

Нұрлан Оразалин, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Қаңтардың қасіретті күні бізді тәрбиелейтін, бізді болашаққа ұмтылатын және өзімізді ұлт ретінде, халық ретінде, мемлекет ретінде сақтаудың қаншама қадірліқасиетті екенін сезінетін кезең болды. Біз бүгін жай ғана өзімізді сағымызды сындырудан аман алып қалған жоқпыз. Ұлтты ұлт ретінде сақтаудың, ұрпақтың жадын тәрбиелеудің үлкен бір сынынан мүдірмей өткен ұлттың биігіне мына алаңда көтеріліп отырмыз. Халықты сақтау үшін біз біртұтас болуымыз керек.

Қаңтар құрбандарына ескерткіштің қойылғанына қуанғандардың бірі Аляна Сәкенқызы. Оның күйеуі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде оққа ұшқан. Үш баламен жесір қалған әйел опат болған бейбіт тұрғындарды ұмытпай, еске алатын арнайы орын ашқан билікке алғысын білдірді.

Аляна Сәкенқызы, Алматы облысының тұрғыны:

- Бұл жердің маңызы зор. Бүкіл Қазақстанға маңызы бар тарихта қалатын қайғылы оқиға деп ойлаймын. Сол үшін үш баламды алып осы жерге келдім. Өзім бір шетінен қуанып тұрмын, осындай еске алатындай мемориал қойылғанына. Болашақта ұрпақтары келіп осында әкесін есіне алып тұрады.  

Қаланың қақ ортасында ашылған мемориал қорқынышты күндердің артта қалғанын еске салып тұр. Иә, қаңтар оқиғасының құрбандары қайтып оралмайды. Бірақ қаза тапқан азаматтар туралы мәңгілік естелік дәл осындай тастарға қашалып жазылды. Өнер туындысы қайғы-қасіреттен бөлек, үміт пен жақсылықты да бейнелейді. Мемориал төрт бөліктен тұрады. Ашық сұр түсті тас кедергілерді жеңе білген жас мемлекеттің қалыптасуын, қара түс қаңтар оқиғасындағы үрейді, сұр түс төгілген қанның, адам шығынының символы, ал, ақ бөлігі қиын-қыстау сәттегі халықтың бірлігі мен тұрақтылығын білдіреді.

Әр бөлікте ұлы тұлғалардың қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған. Ойшылдардың сөздерін оқып, өскелең ұрпақ тәрбие мен тағылым алады. Мемориалдың авторлары сәулет өнерінде қилы кезеңдерді бастан өткерген Қазақстанның даму жолын көрсетуге тырыстық дейді. Яғни онда бәрі бар – азап, үміт, еркіндік үшін күрес және басты идея келешек ұрпақты бейбітшілігі мен бірлікке шақыру.

Алексей Ивженко, «Тағзым» мемориалының авторы:

- Мемлекеттің даму жолында түрлі қиындықтар кездеседі. Қара стеллалар қаралы қаңтарды көрсетеді. Ол тастарды бірден байқауға болады. Одан өткен соң жарқын болашақ, яғни ашық түстерді тастарға өтеміз. Олар таудай биік. Сәулет өнерін көрген адам түрлі эмоция алады. Ең бастысы, болашақ ұрпақ үшін сол оқиғаларды қайталамау туралы үнемі еске салады.

Қайғылы оқиға артта қалды. Енді содан сабақ алып, алға жылжу басты міндетіміз деді мемлекет басшысы. Сондықтан «Тағзым» мемориалы Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін сезіндіретін тарихи орынға айналатыны сөзсіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде