{metadescription}
Жаңа жылды қарсы алуға аймақтар қанша қаражат жұмсап жатыр
Жаңа жылды қарсы алуға аймақтар қанша қаражат жұмсап жатыр

Жаңа жылды қарсы алуға аймақтар қанша қаражат жұмсап жатыр

Ақтөбе әкімдігі осымен үшінші жыл қатарынан жаңажылдық безендіруге көк тиын да шығармады. Қала билігі алдағы Қоян жылын да қоймада жатқан ескі бұйымдармен қарсы алайын деп отыр.

Ал Алматы әкімдігі оңтүстік астананы әрлеуге 598 миллион теңге бөліпті. Бұл сома өзге өңірлермен салыстырғанда бірнеше есеге көп. КТК тілшісі аймақтардың жаңа жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсағанын біліп көрді.

Жылдағыдай әкімдіктер жаңа жылды тойлауға аянып қалып жатқан жоқ. Мемлекеттік сатып алу сайтында самсаған миллиондардардан көз сүрінеді. Алысқа бармай-ақ, Астана бойынша жалпы әзірлікке 293 миллион теңге жұмсалған екен. Мәселен, бір ғана Сарыарқа ауданын сәндеуге 89 миллион бөлінген.

Әділ Капсалямов, Сарыарқа ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы:

- Жалпы төрт аудан бойынша безендіруге әртүрлі қаражат бөлінеді. Қала алаңында екі мұз төбешік орнатылды. Мұз айдыны орнатылды. Сарыарқа даңғылы және Республика даңғылында ағаштарға бетлайдтар қарағайларға орнатылып жатыр.

Әкімдердің арасында жаңа жылды атап өтуге Ерболат Досаев айырықша жомарттық танытқан. Мұнда жарты миллиардтан астам қаражат бөлген. Нақтырақ айтсақ, 598 миллион теңге. Бірақ әкімдіктегілер бұл тек жаңа жылға ғана емес, осы жолы сатып алған жылтырақтарды мейрам атаулының барлығына қолданамыз деп ақталды. Оңтүстік астананың бас шыршасы мен оны әрлеу 61 млн теңгеге шыққан. Ал аспалы шамдар, LED-экран мен орталық сахнаға 59 миллион теңге жұмсалмақшы.

Ал шырайлы қаланың көркін ашатын жаңа жылдық безендіру шаһар бюджетін 44 миллион теңгеге қағайын деп отыр. Алдыңғы екі мегаполистегідей мұнда да әр ауданға бөлінетін қаражат әртүрлі сомада.

Азамат Парманов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары:

- Жалпы биыл Қаратау ауданында жаңа жыл мерекесіне атап өтуге 17 млн теңге қаржы бөлінді. 17 миллионның ішінде ол шырша қою, шыршаны безендіру, 16 маф, сосын 82 кранштейн қою. Былтырғы шырша жанып кетті, қаңтар оқиғасы кезінде, ол болған кезде баға одан аз шығатын еді.

Ашық ақпарат көздеріндегі деректер мен әкімдіктердің берген жауабына сүйенсек, 2023 жылды қарсы алуға жұмсайтын әр қаланың шығыны теңдей емес. Тіпті бір-біріне мүлдем маңайламайды да. Мәселен, Талдықорған 35 млн, Қонаев 100 млн, Атырау 6 млн 200 мың, Павлодар 82 млн 700 мың, Семей 18 млн теңге бөлген.

Айдана Тілеуғабыл, Семей әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қаланың безендірілуіне, әкімнің шыршасына, түнгі жарықтандыруға, кенттер мен ауылдарда өтетін ісшараларға, қала қазынасынан 18 млн. 500 мың теңге бөлінді. Әрине, біз ойлаймыз, бұл басқа қалалармен салыстырғанда өте аз сома деп.

Ақтөбеде биыл үшінші жыл қатарынан жаңа жылдық безендіруге қаражат бөлінбеген. Шаһар әкімдігі 2015 жылы сатып алынған бас шыршаны биыл да кәдеге  жаратамыз деп отыр.

Жомарт Бақыткелдіұлы, Ақтөбе ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- 2022-23 жылға қала бюджетінен бөлінген қаражат жоқ. Қазір қала аумағында 5 аумақта шырша безендіріліп жатыр. Ол біздің теңгерімдегі баланстағы шыршалар және кіші архитектура нысандары. Қала аумағына қондырылып, қаланың көркін келтіруге.

Жыл соңында әкімдіктердің бюджет қаражатын оңды-солды жұмсауы бұрыннан қалыптасқан сценарий. Желтоқсан айында жанталасып қар үстіне асфальт төсегендерімен қоймай, тіпті қыстың көзі қырауда гүл еккені де бар. Одан қалғанын жаңа жыл қарсаңында қармап қалу. Десе де бұл жолы әкімдіктердің арасында пандемиядан кейін тұрғындардың еңсесін тіктеп, мерекелік көңіл күй сыйлауымыз міндет деп миға сыймайтын миллиондарын ақтап алуға тырысқаны да болды. Солай деп сенейік...

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде