Астанада Есілдің сол жағалауындағы "Жағалау" байланыссыз, интернетсіз отыр
Астанада байланыс пен интернеттен мақұрым қалған тұрғындар не істерін білмей отыр. Анау-мынау емес, Есілдің сол жағалауындағы "Жағалау" деп аталатын ауданның талайдан бері шешілмей келе жатқан басты проблемасы осы.
Автор: Әзиза Төленби
23.12.2022
Мұны білетіндер «Жағалауға» жоламайды. Ал тұрған жеріне қызығып үй алып қойғаны ұялы телефонына жан бітіре алмай шарасыз жүр. Бәрінен бұрын ауа райы бұзылғанда онлайн оқитын балаларға обал. Қаланың қақ ортасында байланыссыз отырған тұрғындардың айтарын КТК тілшісі тыңдап келді.
Бүгін Астанада 30 градус нөлден төмен. Мектептің бірінші маусымында оқитын оқушыларға сабақ жоқ. Бұған көп баланың қуанатыны рас. Бірақ дәл мына үйдің оқушылары емес. Оларды ата-әжесі боран, жауын-шашын, аязға қарамастан Wi-Fi-ы бар үйге жөнелтіп әлек. Өйткені жыл аяқталып тоқсан қорытылатын шақта онлайн мектептің тапсырмасын орындамасқа болмайды.
Соның бірі — 4-сынып оқушысы Жанерке. Мектеп онлайнға көшеді дегенді естісе, берекесі кетеді. Туыстың үйін жағалап, сабақ оқығысы жоқ. Ал үйде байланыс жоқ.
Жанерке Сембаева, 4-сынып оқушысы:
- Желі ұстамайды. Мен мүлдем онлайн сабақ оқи алмаймын. Анам айтпай тұрып, ұстаздар «сен неге онлайнға қатыспайсың, неге онлайн мектеп істемейсің» деп ұрысты. Анама жылап келдім. Бәрі маған ұрса береді. Олар білмейді, мында желі ұстамайды.
Сынып үздігі Жанеркенің мұғалімнен сөз естуіне ғаламтор кінәлі. Өйткені тұрғын үйде интернет түгілі, телефонмен сөйлесуге байланыс жоқ. Ал байланыс болуы үшін шатырға антенна қойылу керек. Алайда тұрғындар екіге бөлініп соны қойдырмай отыр. Радиофобиядан қорқатындар келісім бермеген.
Ақсырға Мұқашева, Астана тұрғыны:
- Оларға интернет керек емес. Олардың немересі жоқ. Интернетпен жұмыс істемейді. Ал біз өлетін болдық. Ана құйтақандай қызды дедектетіп интернеті бар қай жаққа апарамын?
Ымыраға келе алмаған тұрғындардың бар үміті — есік алдындағы бес қабатты паркинг. Бұған да қожайынның келісімсіз операторлар антенна қоя алмайды. Ал ғимарат әлі жекенің немесе әкімдіктің иелегіне өтпеген. Тіпті солай болған жағдайда интернеттен үміт жоқ дейді жауаптылар.
Нұрлан Кадрешев, "Астана Innovations" АҚ кабельдік кәріз және телекоммуникация департаментінің бас менеджері:
- Тұрғындай артық сәуле болады немесе антенна орнатқаннан кейін шатырдан су кетуі мүмкін деп қорқады. Кез келген телефон операторы тұрғын кешеніне орнатарда арнайы СЭС өкілдерінің рұқсатын алмай кіріспейді. Ал бұл үйге үш оператор қызмет көрсетуге дайын болған. Бірақ паркингке емес, шатырға. Ал паркингке қоюға келе ме, жоқ па, техникалық жағдайын әлі сараптау керек.
Биыл жазда ғана берілген үйде 200-ге жуық пәтер бар. Соның бір подьезді келіспегесін, шалғай ауылдағыдай қараң күн кешіп жатыр. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин де «Жағалаудың» проблемасын жатқа біледі. Антенна қоюдан басқа амал жоқтығын үнемі қайталайды. Демек бала дірдеңдеп, телефон ұстап жүгірмеу үшін тұрғындарда бір ғана амал бар. Ол тек ортақ келісімге келіп, үйдің шатырына антенна орнату. Ал бір-бірінің тілін таппайынша, тұрғындар терезенің алдын күзетіп, суық күнде далада дірдеңдей бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!