Қайрат Боранбаевтың ісі сотқа жетті
Қайрат Боранбаевтың ісі сотқа жетті. Белгілі кәсіпкерге сыбайластарымен бірігіп 14 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айып тағылған болатын. Қаржы мониторингі агенттігі күрделі істі тергеуді тоғыз айда аяқтап отыр.
Автор: Елдос Есенбол
26.12.2022
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі:
- Агенттік «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа және Qazaq Gaz АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзаққа сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. 2022 жылғы 23 желтоқсанда Бас прокуратура істі соттың қарауына жіберді.
Qazaq Gaz Акционерлік қоғамына келтірілген осы шығын толығымен өтеліпті. Сондай-ақ айыпталушылардың 38 миллиард теңгесі мен 15 жылжымайтын мүлік және үш автокөлігі бұғатталған. Бұдан бөлек, Қайрат Боранбаевқа және тағы бірнеше азаматқа қатысты сұйытылған газ ұрлығы, қылмыстық жолмен келген мүлікті заңдастырды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Белгілі кәсіпкер биыл наурыз айында тұтқындалған. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінген. Боранбаев «Қайрат» футбол клубының, Қазақстандағы McDonald’s мейрамханалар желісінің қожайыны және Ұлттық паралимпиада комитетінің төрағасы. Биыл шілдеде оның туған інісі Мұрат Боранбаевқа іздеу жарияланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!