Шымкенттік компания екі мыңдай адамды 150 миллионға алдап кеткен
Шетелден жұмыс тауып береміз деп алдап соққан. Екі қолға бір күрек таппай жүрген екі мыңға жуық адамды шымкенттік компания сан соқтырып кетіпті. Оларды тіпті айлық 700 мың теңге болады деп сендірген.
Автор: Бек Әбиев
26.12.2022
Бірақ жұмысқа тұру үшін әрқайсымыздан 71 мың теңгеден жинап алды дейді алданғандар. Жұмысшылар жүгін жинап ұшуға дайындалып жүргенде компания кеңсесін жауып, ізім-ғайым жоғалған. Енді олар алаяқтарды тауып, ақшамызды қайтарсын деп отыр.
«Титан» деген компания жұмысқа орналастырады деп, ақшасынан айырылғандар енді әр есікті бір қағып жүр. Олар Түркияда салынып жатқан атом электр стансасының құрылысына жұмысшы керек деген жарнамаға сеніп қалған. Тіпті жатын орын, тамағы мен киіміне де дейін тегін, ал жалақысы 700 мың дегенде, еш ойланбастан 71 мың теңгеден санап берген.
Бауыржан Байтұрсынов, Түркістан облысының тұрғыны:
- 71 мыңнан бересіздер, қалған 71 мыңды ар жақта Түркия еліне барғаннан кейін бересіздер деді. Бүкіл Қазақстаннан 2 мың бала жиналдық. Динара Ибрайымова деген қызға, мына тұрған офисқа сенімхат қалдырып, айттық. Шартпен бәріне қол қойып, міне, қағаз, бәрі тұр. Әрқайсымыздан 71 мыңнан алды. Алты жұмыстан бас тарттым да, 220 теңгеге өзім аузым күйіп отыр. Жұрттан қарыз алып, шиеттей балашағам бар. Пәтер жалдап тұрамын.
Айналдырған екі-үш айдың ішінде екі мыңға жуық адам алданыпты. Жоғары жалақыға дәмелі болғандар әсіресе Шымкент, Түркістан мен Қызылорда облысы мен Жамбылдан көп дейді. Сендіру үшін олар әрқайсымен келісімшарт жасасып, тіпті бірнешеуіне әуе билетін де жіберген екен. Бірақ сол билеттің өзі жалған болып шығыпты.
Нұрсәулет Давранов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Бірінші топта 23 желтоқсан күні ұшу керек болған. 23 желтоқсан күні бұл жерге келсек, ешкім ұшпаған. Бірінші топ та ұшпаған. Екінші, үшіншілерді бірінші топ ұшты деп алдаған. Жалған мәлімет берген. «Титан ННС» мөрін алып алған. Директордың мөрі бар, қолының. Келісімшартқа қойған кезде мөрін көрдік. Сосын бәріміз сендік. Ресми тіркелген, ЦОН-ға да тіркелген.
Сан соққандар өздерінен ақша алған және уәдені үйіп төккендердің фото, видеоларымен де бөлісті. Қазір бұлардың қайда кеткенін ешкім білмейді. Телефонын да көтеруді доғарыпты. Жәбірленгендер жаппай шағымданып жатыр. Шетелде жұмыс істейміз деп сан соғып қалған 60-қа жуық адам арыз жазыпты. Тіпті алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған.
Жәнібек Тұрлыбаев, әл-Фараби ауданы ПБ бастығының орынбасары:
- Алматыдағы мекенжайы тіркелген. Қазір бұл филиалы Шымкент қаласында, Дулати көшесі №225 үйде тіркелді. Қазіргі таңда бізбен анықталғаны 7 менеджер, бір құрылтайшы және екі директор.
Алданған екі мыңға жуық адам алаяқтарға жалпы сомасы 150 миллион теңгені өз қолымен апарып берген. Оларды тез ұстап, заң аясында жазалауды сұрайды. Ал жәбірленушілердің күн санап көбеюі мүмкін екенін жоққа шығармаған полицейлер күдіктілерді іздестіру шарасын бастады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!