Астанада 5-сынып оқушысы мектепте жарылғыш зат қолданған
Астанада 5-сынып оқушысы мектептің ішінде жарылғыш зат қолданған. Тексеріс нәтижесінде білім ордасының қасындағы дүңгіршектен сертификаты жоқ он қорап пиротехника табылды.
Автор: Айғаным Достанбай
26.12.2022
Жаңа жыл қарсаңында отшашу сынды пиротехникалық тауарлардың саудасы қызатыны белгілі. Тәртіп сақшылары бүгінге дейін заңсыз сауда жасап келген 75 нүктені әшкерелеген. Құқық бұзушылардан тінту нәтижесінде сертификаты жоқ 18502 дана пиротехника заттары тәркіленді. «Базарлар мен өзге де сауда орындарын тексеру шаралары 3 қаңтарға дейін жалғасады», - дейді Әкімшілік полиция комитетінің өкілі. Ал ел азаматтарына пиротехниканы сатып алар кезде сертификатын көрсетуді талап етуді сұрап отыр. Себебі, рұқсаты жоқ, құрамы күдікті отшашуларды қолданудың арты орны толмас өкінішке апарып соғуы бек мүмкін.
Әміржан Байғошев, Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Мысалы, 2022 жылғы 13 желтоқсанда Астанада «2ГИС» қосымшасы арқылы пиротехникалық бұйымдарды сату туралы хабарландыру табылды. Оны тексергенде 183 дана сертификатталмаған пиротехника бұйымы тәркіленді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 196-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!