Президенттің бір жылда атқарған іс-шаралары, кездесулері, шетелдік сапарлары
Биыл ел президенті 238 сағатын ұшақта өткізіпті. Бір жылда 25 елге сапар шеккен. Оның ішінде Ресей, Қытай, Түркия, Франция, Сауд Арабия және басқа да мемлекет басшыларымен экономикалық, сауда-интеграциялық кездесулер басымдыққа ие. Ал республика ішінде 16 рет жұмыс сапармен аймақ аралаған.
Автор: Әзиза Төленби
26.12.2022
Конституциялық өзгерістер, кезектен тыс президент сайлауы, референдум сияқты елеулі бетбұрыстар да Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен басталды. Мемлекет басшысының бір жылда атқарған іс-шаралары, келелі кездесулері мен шетелдік сапарлары.
2021 жыл пандемия деген аяқ-қолы жоқ, жансыз соғыстан енді құтыла бергенде, қазақстандықтарды жаңа жыл тағы бір қиындығымен күтіп тұрды. Ол – Қаңтар оқиғасы. Күнтізбелік жыл жақсылықпен емес, келесі минутта не болар екен дейтін қорқынышпен аяқ басты. Мемлекеттік құрылым шатқаяқтап, халық абдырағанда мемлекет басшысы елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін мызғымас қалпында сақтап қалды. Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін Қазақстан халқына жеті рет үндеу жасалып, конституцияның үштен екі бөлігін өзгерту туралы үлкен өзгерістер кезеңі басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқару саласында реформалар пакетін әзірлеуге шұғыл түрде кірісу керек. «Жаңа Қазақстанның» іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімінде қалануы керек. Ол еліміздің қадамдап алға жылжып, азаматтарымыздың өмірінің деңгейі артуына мүмкіндік береді.
Дүрбелеңнен басталған жыл тынымсыз болды. Кәсіби дипломат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев шекара сыртындағы тыныштықтың да мызғымас күзетшісіне айналды. Оған президент бортының бір жылда 25 рет 14 елге сапар шегуі дәлел. Одан бөлек, ел ішіндегі өңірлерге сапары да өз ретімен жалғасып жатты. Бір Алматының өзіне бес рет ат басын бұрған. Отандастармен суретке түсе жүріп елмен етене болуды, оқушылармен теннис ойнап жүріп жастарға сенім білдіруді еш ұмытқан жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біздің әйгілі ақынымыз Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп айтқан. Шын мәнінде, мен өзім де жастарға сенемін. Баршаңызды қолдаймын.
Ал мемлекет мүддесі, халықтың күйіне, әділетсіздікті көргенде Қасым-Жомарт Тоқаев қатал сыншы. Жүктемесі де, тілегі де бір:
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазақ ырымшыл халық. Мен биыл қасиетті Меккеге барған кезде Қағба төрінде атабаба рухына құран бағыштап, Алладан бір-ақ нәрсе сұрадым. Ол – елдің амандығы. Шын мәнінде, еліміз аман болса, жеріміз бүтін, бірлігіміз бекем, мемлекеттігіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым.
Ел президентінің жылдық жоспары әу бастан күрделі болатыны белгілі. Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев 59 рет отырыс өткізген. Халықаралық деңгейдегі 31 шараға қатысыпты. 298 рет қонақ қабылдап, кездесуге қатысты. Ақордада 30 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшісінен Сенім грамоталарын алған. 60 жеделхат, 59 рет әріптестерімен телефон арқылы сөйлесу жүзеге асыпты. Қазақстан табалдырығын құрғатпай қонақтар да үздіксіз кеп жатты.
Тіпті жылды қорытындылайтын шақта президент әлі жұмыс сапарымен шетелде жүр. Мемлекет басшысы бүгін ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының галстуксыз кездесуіне қатысу үшін Санкт-Петербургке жұмыс сапарымен барды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!