Өңірлерде шыршаның бағасы қандай?
Жасыл шыршаға сұраныс жоқ. Жаңа жыл қарсаңында саудасы қызатын орман ағашын сатып алушылар биыл айтарлықтай азайған. Себебі: баға қымбат. Оның үстіне Ресейден әкелінетін шырша тасымалы да тоқтаған.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.12.2022
Көпшілік биыл жаңа жылды жасанды шырша құрып қарсы алмақшы. Бірақ оның өзін әркімнің қалтасы көтере бермейді. Еліміздің әр өңіріндегі шыршаның бағасы қандай?
Жыл сайын жаңа жылды қарсыз қарсы алса да, ақтаулықтар мерекенің шырайын келтіретін шыршаны безендіруді ұмытқан емес. Қылқан жыпарықты ағаштар атымен өспейтін аймаққа шырша жеткізу қиын. Сондықтан пластамассадан істелген жасанды түрі ғана сатылып жатыр. Биіктігі жарты метрге жетпейтін шағын шыршаның өзі екі жарым мың теңге тұрады.
Жадыра Мешітбаева, Ақтау тұрғыны:
- Бізде жасыл желек жоқ. Шыршаларымызды алып сатамыз. Бізде ешқандай көгермейді, өспейді. Біз Алматы қаласынан алып келіп, үстіне 1000-1500 тг қойып сатамыз. 1,20-сы 5000 теңге тұрады. 1,5 метрі 10 мың теңге. Міне, мынауымыз 1,80, бұл 13 мың теңге. Ең үлкені 2,20 – 15 мың теңге.
Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбеге бұрын шыршаны Башқұртстаннан жеткізетін. Биыл орман иісі аңқыған қылқан жапырақты ағаштар саудаға шығарылмапты. Сатылымдағы жасанды шыршаның өзіне сұраныс аз дейді саудагерлер.
Кәмшат Күзембаева, Ақтөбе тұрғыны:
- Екі мың, үш мың теңгеге бұрынғыдан қымбаттады. Ойыншықтары да. Бұрын 350 теңге болса, 500 теңгеге қымбаттады. Мың теңгеден бар, екі мың теңгеден бар. Бағасы әртүрлі. Гирлянды да сондай. Бұрын мың болса, қазір мың жарым. 500 теңгеге қымбат баға. Бұрынғыдай сауда жоқ.
Шыршамен қоса биыл мерекеде үлестірілетін балалардың базарлығы да қымбаттаған. Қораптағы сыйлықтардың құны екі есеге өсіпті.
Дина Абылаева, Ақтөбе тұрғыны:
- Былтырғыға қарағанда бірнеше қымбат. Халық шағым айтып жатыр. Қымбат. Заттарымыз қымбаттап кетті. Шоколад, шырын, жүгері де. Былтырғыға қарағанда екі есеге қымбат.
Шыршаның ең арзаны ну орманды шығыста сатылады. Өскеменде қарағайдың түбі 5 мың теңгеден, шырша 7 мың теңгеден басталады. Дегенмен тегін дүниеге үйір табиғат қаскөйлері жаңа жылға таяу көбейеді екен. Сондықтан қолына балтасын алып, ара арқалағандарды ұстау үшін қорықшылар орманға түнеуге мәжбүр. Жаңа жыл қарсаңында орманшылардан жасақталған бес мобильді топ күні-түні кезекшілікте жүр.
Бейбіт Омарбеков, «Өскемен орманы» резерваты директорының орынбасары:
- Мобильді топтардың негізгі мақсаты – орманға кіретін жолдарды қадағалап, шырша ағаштарын заңсыз кесуді болдырмау. Осындай жұмыстың арқасында соңғы жылдары мекеме бойынша орман заңнамаларын бұзу фактілері тіркелген жоқ.
Ал жасыл желекті Көкшетауда да жаңа жыл қарсаңында шырша саудасы қызып тұр.Қылқан жапырақты ағаштың бағасы ұзындығына, кесіп-пішілген түріне қарай 3 мыңнан басталып 10 мың теңгеге дейін жетеді. Әркім қалағанын алып жатыр. Дегенмен бұл сауда да заңсыздықтар анықталған. Қарағайдың базарға қайдан келгенін табиғат қорғаушылар мен полиция тексеруге кірісті. Олар соңғы екі аптада 49 мобильдік топ құрып, 212 рет рейд өткізген.
Ерболат Құсайынов, Ақмола облысы ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:
- 23 азамат ұсталды.Біреуі қылқан жапырақты ағашты ұрлағаны үшін және 13-і табиғатты қорғау саласындағы, үшеуі заңсыз ағаш кескені және оны жасыл желекті зақымдағаны үшін. Барлығына 45 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынған.
Еліміздің солтүстік облыстарына Ресейден шыршалар жыл сайын әкелінетін. Саудагерлер рубльдің теңгеге шаққандағы бағамының құбылуына байланысты ол жақтан ағаш тасуды тоқтаттық дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!