Мәжілісмендер жайылымсыз қалған жұрттың жанайқайын жеткізді
Жер қалталы байлар ғана емес, әкім-қаралардан да ауыспайды! Малын қайда бағарын білмей жайылымнан қағылған жұрттың жанайқайын жеткізген мәжілісмендер бүгін ауыл шаруашылығы министріне жерді жеке меншігіне өткізіп алғандардың атын айтып, түсін түстеді. Берік Дүйсенбинов, Мәжіліс депутаты:
Автор: Әзиза Төленби
28.12.2022
- Қай облысқа бармасаңыз, жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері. Қайтып жатқан жер жоқ. Мал ұстап, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отыр. Жердің иесін тақтаға жазып қоюға кім кедергі? Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, Павлодарға барсаңыз - Бақауовтікі, Астананың маңы - Шөкеевтікі. Оны айтуға қорқып отыр бәрі. Сіздің баяндамаңызда айтылған, қайтарылған мыңдаған гектардың бәрі өтірік. Халықтың бәрі наразы болып отыр. Мал ұстап отырған кісілерге жер жетпей жатыр. Осыны қашан қолға аласыздар?
Депутат Дүйсенбиновтің ашуына тиген Ербол Қарашөкеевтің мемлекетке 5 миллион 200 мың гектар жер қайтарылды деген баяндамасы. Ел аралап келген халық қалаулысы ауыл шаруашылығы министрі айтқан санға мүлдем сенбей отыр. Қарашөкеев те депутаттың бұл пікірмен келіспейді. Оған дейінгі жерді қайтарғанда олигархқа да, әкімге де қараған жоқпыз дейді министр. Келесі жылы тағы да бес миллион гектар мемлекетке қайтармақшы.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Әкімдерге тиіспей, жерлерді қорғап отыр дегенді мен қабылдай алмаймын. Себебі, 5,2 млн гектар жерді қайтардық. Ол кімнің жерлері? Сол әкімдердің жерлері, олигархтардың жерлері. Ендігі жылы да 5 млн гектар жерді қайтарамыз. Ол жұмысты қазір жандандырып жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!