Президент уәде еткен реформалар орындалды ма?
Биыл еліміздің саяси аренасы бірқатар өзгерісті бастан өткерді. Президенттің жыл басында уәде еткен реформалар тізбегі құрғақ сөз жүзінде қалмай, нақты іспен дәлелденді, заңмен бекітілді.
Автор: Елдос Есенбол
28.12.2022
Суперпрезиденттік жүйе, қарапайым азаматтарға таңдау құқын беру, парламенттің ықпалын күшейту. 2022 жыл қандай саяси жаңашылдықтармен есте қалады?
Биыл ел азаматтарының құлағына реформа сөзі сіңісті болып қалғанға ұқсайды. Нақты өзгерістердің біразын қазақстандықтар ауызша ғана емес, іс жүзінде де көрді. Осы ретте көпшіліктің ойында түбегейлі жаңаруға қаралы Қаңтар оқиғасы себеп болды ма деген сауал туындағаны бар. Бірақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет президенттік қызметіне кіріскенде-ақ нақты қандай реформаларды жүзеге асыратынын санап айтқан. Демек, жаңару, жаңғыру сөзі биылдың жаңалығы деу қисынға келіңкіремейді.
Ал жыл басындағы дүрбелең сол реформалардың тезірек жүзеге асырылуына өзіндік бір серпін болғандай. Иә, әдетте жаңа жыл жалт-жұлт еткен түрлі-түсті көңіл күймен басталатын. Бірақ биылғы қаңтардың ызғары қатты болды. Қаңтар қасіретінен кейін президент үкіметтің жаңа басшысын тағайындап, халықтың әл-ауқатын көтеруге бел шеше кірісті. Кейін, жылдың соңын күтпей-ақ, наурызда халыққа жолдау жасап, нақты міндеттерді бір айқындап алды. Бұл жолы мемлекет басшысы суперпрезиденттік жүйеден бас тартып, парламенттің рөлін күшейту туралы маңызды қадам жасады. Және өзі бастап партия құрамынан шығатынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мен үшін мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет.
Және тура осы жолы президент бұдан былай Мәжіліс депутатырының 30-ы мажоритарлы жолмен сайлануға мүмкіндігі болатынын айтты. Бұл дегеніңіз ешқандай партияда жоқ қарапайым азаматтар да депутат бола алады деген сөз. Тура осындай жүйе өңірлердегі мәслихат сайлауында да қолданылады. Осылайша мәслихат құзіреті де біршама кеңейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады.
Ал осы аталған өзгерістерді заңдастырып, Конституцияға енгізу үшін 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өтті. Оның нәтижесінде ел азаматтарының 77 пайызы жаңашылдықтарды қолдап дауыс берді. Кейін, қыркүйектегі халыққа кезекті жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев енді президент өкілеттілігі бір ретке қысқарып, 7 жылға сайланатынын мәлімдеді. «Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет», - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс президент сайлауына баруға дайынмын.
Президент ұсынған түбегейлі жаңғыруға ел азаматтарының сенімі 20 қарашада тағы бір дәлелденді. Кезектен тыс президент сайлауында халық коалициясы атынан додаға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев 82 пайыз дауыспен сенімді жеңіске жеткені ел есінде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!