Ақмола облысында сандықтаулықтар жер үлесін даулап жүр
Ақмола облысындағы Сандықтау ауданының тұрғындары жер үлестерін даулап жүр. Себебі 4 мың гектар алқапқа егін еккен Серіктестік халыққа жарытып дивиденд бермейді екен. Сондықтан жиналғандар Ресей азаматшасы басқаратын компаниядан өз жер телімін қайтарып беруді талап етуде.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
28.12.2022
Өйткені «АШК Полина» Серіктестігі жыл сайын жерді жалға беріп, қыруар қаражатты қалтасына басып отыр дейді жиналғандар.
Серіктестік директоры Вера Ларшина үш бірдей қорғаушысын алып, бүгінгі есеп беру жиынына сақадай сай дайындалып келген. Бірден есеп-қисабын айтып, салық та. үлескерлерге дивиденд те уақтылы төленіп жатыр деді. Тіпті мұқтаждарға материалдық көмек берілді дегенде залға жиналғандар шу ете түсті. Себебі, Серіктестік директорының сал баласы бар отбасына 100 мың теңге материалдық көмек берілді дегені өтірік болып шықты. Мүгедек баланың әке-шешесі Серіктестіктен көк тиын қаражат алмаған.
Тілектес Оспанова, Сандықтау ауданының тұрғыны:
- Ол маған алдыма қағаз тастады. Анам ауырып, 30 мың теңге сұраған едім. «Қол қой» деді, қойдым. Содан кейін «болды, жүре беріңіз» деді. «Ал, ақша» десем, «болды болды» дейді. Солай мені қатырды.
Сымбат Ысмағұлова, Сандықтау ауданының тұрғыны:
- Жыл сайын жерді жалға береді.Сөйтіп Ларшина қыпқызыл ақшаны қалтасына басады. Жерімізді сатып та жіберді ғой. Біздің рұқсатымыз болмағасын, сатып алғандар құжат жасай алмапты. Сөйтіп 130 миллион теңгені өзі иеленіп,оларға Серіктестіктің қаражатынан қайтарып берген. Біз сотқа беріп жеңіп шықтық. Енді сол ақшаны үлескерлерге бермей отыр.
Серіктестікте 326 үлескер бар. Олар енді екіге жарылып отыр. Яғни 230 отбасы жерімізді бөліп алып, бөлек шығамыз дейді. Алайда Серіктестік басшысы үлескерлер тиісті дивиденд алып отыр деп ақталды.
Вера Ларшина, «АШК»Полина»ЖШС директоры:
- Олар біздің жерімізді тартып алғысы келеді. Күйеуім қайтыс болған соң, мен ие болып қалдым. Мені алаяқ, өзін өзі басшы етіп сайлады дейді. Әйел деп басынып, жерімді алғысы келетіндер істеп жүр. Үлестерін алып жүр, техника да бар, айтып жүргені шындыққа жанаспайды.
Десе де Серіктестіктің қоймасынан екі вагоннан басқа ауыл шаруашылық техникасын байқамадық. Ал үлесін даулаған жұрт Ларшинаның алдауына әбден тойғандарын айтады. Сондықтан Серіктестік құрамынан біржола бөлініп шығуға бел буып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!