Жамбыл облысының шенділері мен алматылық компанияның арасында дау туды
Алматылық кәсіпкер Жамбыл облысы шенділерін "ақылға қонымсыз қадамға барды" деп айыптады. Айтуынша, атқамінерлер жобаны тапсыру мерзімін «жарты сағатқа кешіктірдің» деп мердігерді сотқа берген. Соның кесірінен компания қара тізімге кіріп, бірнеше адам жұмыссыз қалатын болды дейді кәсіпкер. Руслан Іргебаев, Маяк-broadcast компаниясының директоры:
Автор: Руслан Әбдіхалық
28.12.2022
- Бізге орталық серверге жақындауға рұқсат бермей бір ай жүріп алды. Тек соңғы күні ғана төрт сағат уақыт берді. Біз үлгердік, тексеріп көрсеттік. Бірақ қабылдамай, 30 минутқа кешіктірдіңдер дейді. Сөйтіп сотқа берді. Бұл біз үшін кішкентай ғана жоба. Бірақ компанияны сот «жосықсыз» деп тапса, біз басқа тендерлерге екі жыл қатыса алмай қаламыз.
Алматылық фирма екі ауылдың мемлекеттік нысанына төтенше жағдай кезінде халықты құлақтандыру, ақпараттандыру жүйесін орнатқан. Екі күнде негізгі жұмысты орындап, құрылғыны орталықтандырылған серверге жалғай алмай бір ай сенделдік дейді кәсіпкер. Сондықтан шенеуніктердің бұл әрекетін әдейі аяқтан шалу, тендерді өз адамдарына бұрмалау деп есептейді. Ал аудан атқамінерлері өзінше ақталды. Олардың айтуынша, кәсіпкер бұрыннан бар қондырғыны орталықтандырылған базаға өз қалауынша жалғаған. Яғни келісімшарттағы техникалық сипаттамадан ауытқыпты. Әрі онысын дұрыс істемей, жобаны қабылдаудан бас тарттық дейді атқамінерлер.
Тимур Тұрсынбеков, Жамбыл ауданы әкімдігінің инспекторы:
- Біздегі істеп тұрған жүйеге қоса алған жоқ. Қоса алмады. Біздің тараптан ол кісіге бірнеше мәрте ескерту берілді. Мерзімінен кешіккені жайлы. Ол кісілер кейіннен келіп қосамыз деді, олар өз құрылғыларын қойып, өздерінше бөлек бағдарлама орнатып кетті. Бірақ біздегі орнатылған бағдарламаға қосқан жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!