Жыл қорытындысы: Аңдамай, сөзден сүрінген шенеуніктер
Тоғыз миллионның сағаты, хит шапан, бал мен тосап қосылған шай. Өтіп бара жатқан жылда ел алдында жүрген шенеуніктер арасында басы дауға қалғандар жетерлік. Аңдамай сөйлеп көпшіліктің ашуын келтіргендердің кейбірі қызметтен кетсе, өзгесі креслосын босатар емес. Жыл бойы елді шулатқан шенеуніктер кім?
Автор: Айғаным Достанбай
28.12.2022
Ел алдында жүрген ақ жағалылардың аузынан шыққан әрбір сөзі қашанда дүйім жұрттың назарында. Алда-жалда аңдамай сөзден сүріне қалса, басымен жауап беретінін біледі. Кейбірінің камерадан алды-артына қарамай қашатыны да сондықтан. Өтіп бара жатқан жылда басы дауға қалған шенеуніктер аз емес. Жұрт дүкен сөрелерінен қант таппай сенделіп жүргенде, тап осы салаға жауапты министрдің «шайды қанпен емес, балмен ішемін» дегені көпшіліктің ашуын келтірген.
Бақыт Сұлтанов, Сауда және интеграция экс-министрі:
- Халық "қант жоқ, жоқ" деген сайын дүкенге жүгіреді. Мен өзім екі апта бұрын ірі сауда желісінен қант сатып алдым. Бір келісі 470 теңге еді, қазір бағасы 480 теңге. Жеке өзіме келетін болсақ, мен шайға қант қоспаймын – балмен ішемін.
Артынша Сұлтанов қызметінен кеткеннен кейін оның орнына келген Серік Жұманғариннің де тосылмастан, «шайды тосаппен ішемін» дегені бар.
Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қара шай ішемін, қантсыз, бірақ, әрине, тосаппен ішеміз.
Ал қорғаныс министрінің мемлекеттік тілге шорқақтығы талай мәрте таяқ болып тиді. Қазақ тіліне қатысты айтылған мәлімдемесіне кейігендерге Руслан Жақсылықовтың «өкпелесең, көшіп кет» деп мақалдатқанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
- Журналистер өкпеледі ме?
- Журналистер емес, халық сынап жатыр.
- Қазақта бір мақал бар: «Өкпелесең, көшіп кет».
Түркістан облысының экс-әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қылығы қорғаныс министрінен асып түспесе, кем емес. Ол Түркиядан келген қонаққа арналған шапанды күллі елдің көзінше өзі киіп алды.
Жылға таяу уақыт өтсе де, Шөкеевтің әрекетін халық оқтын-оқтын еске алып қояды. Мәселен, желіде тараған қоқыс жәшігінің қасындағы ілулі шапанды көргендер «Шөкеев шешіп кеткен шығар» деп қалжыңдаса, мемлекеттік сатып алу порталында саудаланып жатқан сұр шапанды түркиялық қонақтан тартып алған хит шапанға ұқсатқандар болды.
Марат Тоғжанов, Бәйтерек ауданының әкімі:
- Салық инспекциясы, ХҚКО бар, қанша еркек бар, қанша меморган бар, всех н***й, вытаскивать.
Желіде Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың інісі Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың қоластындағыларды балағат сөзбен сыбаған аудиожазба тарады. Жазбадағы бейәдеп сөздерді санасаңыз, есебінен жаңыласыз. Мемлекеттік қызмет істері агенттігіндегілер шенеунікке тәртіптік жаза теріс қылық жасалған күннен бастап жарты жылдан кешіктірілмей қолданылуы тиіс деп жауап қатқан. Артынша видеоның 3 сәуірде жазылғаны белгілі болып, кіші Тоқжанов жазадан сытылып кетті.
Елді шулатқан шенеуніктердің топтамасынан Қызылорда облысы әкімінің 9 млн теңге тұратын сағатын қалыс қалдырғанымыз болмас. Желі қолданушылары өңір басшысының қолындағы қымбат бұйымды бірден байқап қойған. Бердібек Сапарбаевтың інісі мемлекеттік қызметке келгенге дейін «талай жыл кәсіпкер болдым» деп ақталғанымен, онысын Үкімет үйінде жүзбе-жүз айтудан жалтарып тұра қашқаны есімізде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!