Коронавирус күшейіп келеді – бір өлім тіркелді
Коронавирус бір адамның өмірін жалмады. Елімізде бұл кеселден соңғы рет адам өлімі қазан айының басында тіркелген. Соңғы уақытта қауіпті вирус қайта күшейіп келе жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
29.12.2022
Қазір 2 жарым мыңға жуық отандасымыз коронавирустан емделіп жатыр. Оның 250-ден астамы стационарда. Ауруханада жатқан тағы 6 науқастың жағдайы тым ауыр. Оның екеуі жасанды желдету аппаратына қосылған. Ал соңғы бір тәулікте 263 адамнан Ковид-19 анықталып отыр. Бұл өткен аймен салыстырғанда екі жарым есе көп.
Соңғы тәулікте пневмониямен 18 науқас тіркелген. Елімізде аталмыш дертті жұқтырғандар саны 1 миллион 402 мыңнан асып кетті. Олардың 95 пайызы жазылып шыққан. Қазір барлық аймақ бағалау матрицасының «жасыл» деңгейінде тұр.
Денсаулық сақтау министрлігі жедел респираторлы вирустың да өршіп тұрғанын айтты. Вирустық инфекция әсіресе балаларға тез жұғады. Сол себепті ата-аналарға жаңажылдық мерекелерден бас тартып, ойын-сауық орталықтарына кішкентай баламен бірге бармауды сұрап отыр.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Қазақстанда эпидемиологиялық маусым басталғалы бері, бұл 1 қазаннан бастап. Жедел респираторлық вирустық инфекцияның 2 млн 200 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Және тұмаудың зертханалық расталған 2300 жағдайы тіркелді. Жедел респиратолы вирустық инфекциямен ауырған адамдардың ішінде 65 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!