Ақтөбеде төрт жасар бала жоғалып кетті
Ақтөбеде төрт жасар бала жоғалып кетті. Данил Ахуновты тәртіп сақшылары мен еріктілер кешелі бері шаһардың түкпір-түкпірінен іздестіріп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
29.12.2022
Данилдың суреті мен киген киімінің түр-түсі жазылған қағаз қаланың барлық ауданына таратылып, тақтайшалар мен бағаналарға ілінген. Әзірге оны көрдім-білдім деген жан жоқ. Әкесі кеше таңертең баласын подъездің алдына тастап, өзі пәтеріне шылым алуға кіріп кеткен. Қайта оралғанда ұлын таба алмай қалады. Данил – үшемнің бірі. Алғашында анасының жанына кеткен болар деген болжам да қарастырылған. Бірақ олай болмай шықты. Ішімдікке әуес келіншек ата-ана құқығынан айрылған. Сондықтан балалары әкесінің қамқорлығында қалған. Бүлдіршін жоғалған күні үстінде сұр күртешесі, көк бас киімі мен шарфы болған. Аяқ киімі де көк түсті. Бойы бір метрден сәл асады.
Әсем Қапанова, ерікті:
- Бірнеше еріктілер тобы іздеуге кірісті. Әскери ұлан сарбаздары да қаланы сүзіп жүр. Баланы көрдім деген адам жоқ. Дүкендерді, сол аудандағы барлық мекеме, құдық, құбыр бойын шарлап шықтық. Көршілерімен бұл отбасы жөнді араласпайды. Олар да ештеңе көрмеген. Осы оқиғадан кейін үшемнің қалған екеуін сәбилер үйіне алып кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!