Қорғаныс министрлігі: Сарбаздың қазасына тікелей жауаптымыз, тек ...
«Сарбаздардың қазасына тікелей жауаптымыз». Әскерде жүріп өмірі қиылған жігіттер үшін жауапкершілік алудан қашпаймыз дейді қорғаныс министрлігінің өкілдері. Тек мұндай оқыс оқиғаның бәрін қорғаныс министрлігімен байланыстыра беруге қарсы.
Автор: Елдос Есенбол
29.12.2022
Серік Боранбаев, ҚР Қорғаныс министрлігі департамент бастығының міндетін атқарушы:
- Иә, әскер қатарында қаза болған әр сарбаздың қазасына жауаптымыз. Әр оқыс оқиға өте ауыр жағдай. Ол тек атаананың ғана қайғысы емес, барша қарулы күштердің ортақ қайғысы. Бірақ жауапкершілік қатардағы сарбаздан бастап, министрлік өкілдеріне дейін жүктеледі. Бұл жерде әр жағдайды жеке қарастырған жөн. Мысалы, келісімшартпен қызмет ететін офицерлер мен әскери қызметшілер таңертең қызметке келіп, кешке үйіне қайтады. Демек жеке өмірінде әртүрлі жағдай болуы мүмкін.
Қорғаныс министрлігі қарулы күштер құрамына кіретін әскери бөлімшелерде болған жағдайларға ғана жауаптымыз деп түсіндірді. Борышын өтеп жүрген азаматтар ата-ана, туған-туыстарымен онлайн да, жүзбе-жүз де, емін-еркін байланысуға мүмкіндік қарастырылған. Ал кей жасөспірімдерді көшеден, сауда орталығынан ұстап әскерге алып кетуді заңды деп отыр қорғаныс министрлігіндегілер. Онда да әскери борышын өтеуден қашып жүрген жастарға ғана осындай амал қолданылады. Өйткені шақырту қағазын ескермейтіндер көп. Тіпті бір мекенжайға тіркеліп, бірақ мүлде басқа жерде тұратын жастар да аз емес.
Биыл бірнеше рет әскер қатарындағы сарбаз өлімі тіркелді. Олардың ішінде 4 суицид оқиғасы болған. Қайтыс болғандар арасында борышын өтеп бастағанына бір апта толмаған жігіттер де бар. Бұл жайтқа мемлекет басшысы да назар аударып, қатаң тексеруді тапсырған. Сондай-ақ президент жастарды әскер қатарында қызмет етуге ынталандыру керек деген еді. Әзірге қорғаныс министрлігінің өкілдері әскери борышын өтегендерге жоғары оқу орынына жеңілдік береміз дегеннен басқа амал таппаған сыңайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!