Ақтөбеде жоғалып кеткен бүлдіршіннің мәйіті табылды
Ақтөбеде екі күн бұрын жоғалып кеткен бүлдіршіннің мәйіті табылды. Тәртіп сақшылары төрт жасар Данил Ахунов кісі қолынан өлген деп отыр. Бірақ оны кімнің және қашан өлтіргенін ашып айтпайды. Тек жоғалғалы бері әкесін тергеп жатқан. Себебі, ұлын подъездің алдына тастап кетіп, соңғы рет көрген де сол әкесі болатын.
Автор: Жаңалық Ахаш
30.12.2022
Тәртіп сақшыларынан бастап жүздеген ерікті мен әскери бөлімнің сарбаздары кішкентай Данилді екі күннен бері іздемеген жері қалмады. Қала көшелеріндегі қуыс-қуысты қарап, құдықтарды тексерді. Тіпті шаһар шетіндегі сай-саланы да аралап шықты. Бүгін полицейлер төрт жасар бүлдіршіннің мәйіті табылғанын хабарлады. Оның қайдан және қашан тапқанын тәртіп сақшылары айтпай отыр. Тек бейкүнә баланың кісі қолынан өлгенін растады.
Ғалым Байжанов, Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары:
- Іздеу шараларының нәтижесінде зорлықпен өлім белгілері бар жоғалған баланың мәйіті табылды. Осы қылмысты жасады деген күдікті ұсталып, қамауға алынды. ҚР ҚК 99-бабының үшінші бөлігі, жас баланы өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Баланы соңғы рет көрген әкесі екен. Екі күн бұрын жоғалғаны туралы тәртіп сақшыларына хабар түсірген де сол. Ұлын подъездің алдына қалдырып, шылым алуға пәтерге көтеріліп кеткенін айтыпты. Данил Ахунов үшемнің бірі. Анасы ішімдікке әуес болып, ата-ана құқығынан айрылған. Сондықтан осы уақытқа дейін «Үміт» сәбилер үйінде тәрбиелініп келген. Тек бірер ай бұрын ғана әкесі адвокатымен келіп үшемді қолына алыпты. Соңғы рет сәбилер үйіндегі мерекелік шараға келгенде үшемнің кенжесі әкелерінің ұрып-соғатынын айтқан. Сол кезде хаттама толтырылып, бірақ аяқсыз қалған.
Айгүл Бижанова, «Үміт» сәбилер үйінің бас дәрігері:
- Бірінші желтоқсанда біздің қызметкерлер балалардың денесінен соққы іздерін байқап қалады. Туған күндеріне орай мереке ұйымдастырып, соған шақырып едік. Әкесі үшемді әрең әкелді. Данил «әкеміз бізді ұрады» деп ашық айтты. Үшеуін де таяқпен ұрғандай із қалған. Дереу инспекторларды шақырып, хаттама да толтырылды.
Сол кезде балаларды әкесінен неге қайтып алмағаны әзірге белгісіз. Ал Данил жоғалғаннан соң қалған екі бауыры «Аяла» деп аталатын бейімдеу орталығына жіберілген. Қос бүлдіршін қазір сонда тәрбиеленіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!