Қазақстандықтардың жаңажылдық ас мәзірі
Қазақстандықтар жаңа жылды көңілді күй, мол да, дәмді дастарханмен қарсы алу үшін жаппай даярлық үстінде.Сауда да қызып тұр. Базар мен сауда орталықтарында халықтың көптігінен ине шаншар жер жоқ. Сусындар, сан-алуан көкөніс, тәттілерді шетінен сатып алып жатқан жерлестеріміздің жаңажылдық ас мәзірі жайлы КТК тілшілері сұрап білген еді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
30.12.2022
Жаңа жыл жақындаған сайын азық түлік дүкендеріне асыққан жұрттың легі көп. Сатушылар сөрелерді толтырып үлгермей жатыр. Әсіресе жемістерге, консервіленген тағамдар, жұмыртқа, шұжықтарға сұраныс көп. Марина Авдеева қажетті заттарын қағазға тізіп жазып алыпты. Ол қалаға аудан орталығынан келген екен.
Марина Авдеева:
- Біз мұнда негізі жеміс, көкөніс түрін сатып алу үшін келдік.Бұған дейін консервіленген бұршақ, жүгері алып қойғанбыз.Салат жасау үшін басқа дәмдер үйде бар. Біз ауылдан келдік. Ет, сүт өзіміздікі. Сондықтан бізге жеңілдеу. Көп болса, 40 мың теңгедей жұмсаймыз.
Азық-түлікті молынан сатып алып жатқанына қарағанда жаңа жыл жұрттың қалтасын біршама қағатын сияқты. Өйткені былтырға қарағанда биыл азақ-түлік әлдеқайда қымбат. Жұмыртқа-550, шұжықтар -1200 теңгеден басталады. Мәселен, дәстүрлі оливье салатын жасауға картоп, тұздалған қияр мен басқа да дәмдеуіштер қажет. Оның бәрін қосқанда қомақты қаржы шығады. Әсіресе әйелдер отбасын қуанту үшін дастарханға басқа қандай дәм әзірлейтінін айтуға асықты.
- Сол, бәрі әдеттегідей! Бірақ биыл оливье салатын жасамаймын. Балықпен салат жасаймын. Сосын тауық етінен дәмді тағам жасағым келеді. Қызыл балық аламын. Ерекше дастарханым, эксклюзив болса деп ойлап тұрмын.
Жаңа жылды қарсы алу отбасылық мереке дегенмен, осы күні ас үйде қызмет еткісі келмейтіндер де бар. Олар мейрамхана қызметіне жүгінеді. Дәл қазір осындай қонақтарға мейрамханаларда да қызу дайындық. Олар да еттің түр түрін пісіріп, дәмдеуіштерін де ерекше жасауға тырысып жатыр. Бірақ биыл өткен жылға қарағанда мейрамханаға келуші азайған.
Бақыт Әбдіқадыр, мейрамхана аспазы:
- Біздің стейк қаладағы ең танымал жұрт ұнатып тапсырыс беретін дәм. Әрине, ет қымбаттаған соң тағамдарымыздың да бағасы өсті. Соған байланысты болар, қазір сұраныс азайды. Адамдар ақшасын үнемдейді.
Қазақстандықтардың көпшілігі жаңа жылды үйінде қарсы алады. Биыл мереке сенбіге келіп тұр. Яғни бүгін жұмыста жүргендер ертең сауда орындарына аттанады деген сөз. Сондықтан азық-түлік дүкендері жұмыс уақытын ұзартқан. Кейбірі тәулік бойы жұмыс істейтінін айтады. Бұның барлығы жерлестеріміздің 2023 жылды көңілді де, тоқ қарсы алу үшін жасалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!