Үкіметтегі ішінара ауыс-түйіс көп күттірген жоқ – жаңа тағайындаулар
Жаңа жылда жаңа лауазым. Өткен аптада президент айтқан Үкіметтегі ішінара ауыс-түйіс көп күттірген жоқ. Бүгін премьер-министрдің орынбасарынан бастап, жаңа бірнеше министр қызметке тағайындалды.
Автор: Айғаным Достанбай
04.01.2023
Кейбір министрлік пен мекеменің атауы да, құрылымы да өзгерген. Сонымен мерекелік демалыстан кейін кімдер қызметсіз қалды? Үкіметке жаңадан қосылғандар кімдер?
Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінен бастап Үкімет үйіндегі кейбір министрлер тура мағынада жұмыссыз қалды. Президент нақты атын атап, түсін түстемегенімен, жыл басында Үкімет мүшелерінің бірнешеуі қызметінен кететіні белгілі болған. Бүгін Министрлер кабинеті жаңа есімдермен толықтырылды.
Мемлекет басшысы жаңа тағайындауда жастарға мүмкіндік берейін деп шешкен тәрізді. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың орнына 32 жастағы Асхат Оралов отырды. Асхат Раздықұлы мемлекеттік қызметті «Нұр Отан» партиясының филиалдарының бірінен бастаған. Түйіндемесіне қарап, бас партиядан кейінгі мансап жолында тасы өрге домалағанын аңғару қиын емес. Павлодар облысы әкімінің орынбасары, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Amanat партиясының атқарушы хатшысы қызметін атқарған. Ал министрдің креслосында небәрі бір жылға жетер-жетпес уақыт отырған Абаев әлеуметтік желіге жазба қалдырып үлгеріпті.
Дәурен Абаев:
- Мәдениет және спорт министрлігін басқару мен үшін үлкен мәртебе болды. Тіпті ғұмыр парағымдағы жарқын әрі ұмытылмас сәттер осы кезеңде болды десем, қателеспеймін. Министрлік және министірлікке бағынысты ұйымдар ұжымына да ризалық танытамын. Көп жұмыс атқарылды, әлі де қолға алар шаруа жетерлік.
Серікқали Бірекешев те экология министрлігіне келгелі айтарлықтай ерекшелене алмады. «Киіктерді атып, азайтамыз» деген министрдің бастамасы халыққа жаққан жоқ, әлбетте. Белгілісі, Бірекешев енді бұл мәселеге басын қатырмайды да. Экология министрінің орынын президенттің кадр резервінен 32 жастағы Зүлфия Сүлейменова басты. Жас министр туралы апарат онша көп емес. Тек мемлекеттік арналардың біріне берген сұхбатында ет жемейтінін, аң терісінен жасалған тон кимейтінін айтыпты.
Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі (15 қаңтар, 2020):
- Қазақстандағы судың 44 пайызы одан тыс жерде қалыптасады, кейбір аудандарда бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді. Сондықтан біз көршілерімізбен тиімді ынтымақ орнатуымыз керек. Трансшекаралық суды пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақты күшейту қажет.
Қызметінен босағандардың бірі – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев. Оның орынына аталған ведомствода министрдің орынбасары қызметін атқарған 35 жастағы Марат Қарабаев тағайындалды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Жаңа министр әріптестерімен бірлесіп нәтижелі жұмыс атқарады деп сенеміз. Солтүстікоңтүстік, шығыс-батыс дәлізіндегі таранзит мәселесі, көлік логистикасындағы түйткілдер ұлттық қаупісіздікпен пара-пар болып тұр. Бұл осы саладағы ең маңызды үш проблеманың бірі.
Асхат Аймағамбетов те оқу-ағарту министрі қызметінен босатылды. Оның орнына Ғани Бейсембаев тағайындалды. Ал әділет министрі Қанат Мусинді Азамат Есқараев алмастырды. Ол 2019 жылдың шілдесінен бері премьер-министр кеңсесінде заң бөлімін басқарған. Оған дейін әділет министрлігінде де түрлі қызмет атқарды.
Қызметінен кеткен шенеуніктердің қайда барып жайғасатыны әзір белгісіз. Тек бұрынғы әділет министрі ғана Конституциялық соттың құрамындағы судья қатарын толықтырды. Ауыс-түйіс ертең де жалғасуы мүмкін. Бір анығы, осыған дейін президент тағайындауларды премьер-министрмен кеңесіп шешемін дегеніне қарағанда, Смайылов Үкімет басшысы лауазымын сақтап қалатын тәрізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!