{metadescription}
Ауа райы: Құтқарушылар мен полицейлер күшейтілген тәртіпке көшті
Ауа райы: Құтқарушылар мен полицейлер күшейтілген тәртіпке көшті

Ауа райы: Құтқарушылар мен полицейлер күшейтілген тәртіпке көшті

Еліміздің бірнеше өңірінде қыс қаһары әлі басылмай тұр. Солтүстікте боран болса, батыста жаңбыр жауып айнала көк мұзға айналды. Қол-аяғын жарақаттап ауруханаға түскен науқас саны күрт артқан.

Ал арқаны қалың қар басып, алыс сапарға шыққандар жолда қалып жатыр. Құтқарушылар мен полицейлер күшейтілген тәртіпке көшіп, қар құрсауында қалғандарды жылы жерге жеткізіп әлек. Қазір бірнеше өңірдегі жолдар әлі де жабық тұр.

Жамбыл облысының Қордай ауданында кешеден бері жолда қалған 4 жеңіл автокөліктен 13 адам құтқарылып, жақын маңдағы елдімекендерге жеткізілді. Олардың арасында үш бала бар. Сарысу ауданынан да жолда қалған автобустың 11 жолаушысы құтқарылған.

Абай облысында атқұлағы көрінбейтін ақтүтек боранның соңы жаңбырға ұласты. Екі тәулік ішінде 320 адам жолда қалған. Оның арасында 16 бала бар. Діттеген жеріне жете алмай қаңтарылып тұрған көліктер әлі де көп. Оларды қар құрсауынан шығару үшін әскери техника жұмылдырылды.

Ержан Быжкеев, 10810 әскери бөлімінің танк қызметінің бастығы:

- Аягөз қаласынан шамамен 40 шақырым жерде, қар құрсауында қалған 50-ден астам азамат пен, 10 шақты жеке автокөлік қардан шығарылды. Ауа райының қолайсыздығы басылмай тұр. Азаматтардан жолға шықпауын сұраймыз. Құтқару жұмыстары одан әрі жалғасуда.

Ақмола облысында әлі де ақтүтек боранның беті қайтқан жоқ. Оның үстіне күн жылынып жол үсті көктайғақтанып, қою тұман түсті. Қауіпсіздік сақтау үшін арнайы қызмет 13 республикалық,23 облыстық  жолды жауып, 65 адамды эвакуациялаған. Құтқарушылар жолда көлігі сынған ерейментаулық төрт адамды қарлы бораннан аман-есен алып шыққан. Үсік шалғандар мен жарақат алғандар жоқ. Қазірдің өзінде бірнеше бағытта жол жабық тұр. Десе де ескертуді елемей жолға шыққандар азаймай отыр дейді құтқарушылар. 

Қайрат Қасым, Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары:

- Жолды жауып қауіпсіздік шараларын күшейтудің пайдасы болар, ешқандай апатты жағдай мен зардап шеккендер болған жоқ. Дегенмен тура жол іздеп, бекетті айналып өтетін жауапсыз жүргізушілер азаймай отыр. Алдағы күндері ақтүтек боран мен көктайғақ әлі де сақталады. Хабарлама алған соң жолға шықпауларыңызды сұраймын.

Ақтөбе облысында ақтүтек боранның соңы жаңбырға ұласып,  айнала көк мұзға айналған. Тайғақтың кесерінен тұрғындар әбігерге түсіп жатыр. Бір күн ішінде аяқ-қолын жарақаттаған елуден аса ақтөбелік дәрігер көмегіне жүгінген. Ақхалаттылар майып болғандарға көмек көрсетіп үлгермей жатыр. Кеше кешкілік мертіккен 85 адам қаралса, бүгін тағы 75 адам түсіпті. 

Абзал Қабырбаев, травматолог:

- Ауа райының бұзылуына байланысты көктайғақпен өте көп адам келіп жатыр. Адам көп, шынында. Құлап жатқан егде жастағы адамдар да бар. Жасөспірім жастар да келіп жатыр. Жарақат алғандар көп. 33 адам жедел жәрдеммен келді. 52 адам өзі келді.

Қарағанды облысында боран басыла қалса, жолда қалағандарды құтқарып жатыр. Бүгінге дейін 300-ден аса адам қар құрсауынан шығарылған.  Әсіресе Қарағанды-Балқаш бағытында қарбалас қатты. Адам бойынан асатын қарды арнайы техника аршып жүр. Қарағандының ішіндегі қарбалас коммуналдық мекемелерді діңкелетіп жатыр. Қалың қарды тазалауға жұмысшылар мен техника жетіспей жатыр.

- Қаланың іші тазартылады, бірақ сыртқы көшелер онша тазартылмай жатыр. Мен жаңа міндім, сыртқы көше бәрі қарға толы. Жеңіл мәшиенлер жүре алмай жатыр.

Қарағандыда таңертең жеңіл көлігімен жолға шыға алмағандар автобустарға көптеп мінген. Бірақ қоғамдық көліктің өзі қарға батып, қара құрым ел зілдей техниканы итеріп иттей болды. Ауа райына байланысты такси қызметі де бағаны шарықтатып, жығылғанға жұдырық болған. Жол-көлік оқиғасы да жиілеп, полиция, құтқарушы мен дәрігерлер дамыл таппай жұмыс істеп жатыр. Осылайша екі күн боран өңірдің тіршілігін тұралатты. Тіпті ақтүтектен пойыз қозғалысы қиындап, вахталық жұмысқа кете алмағандар вокзалда тығылып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.