{metadescription}
Кәрім Мәсімов экс-қорғаныс министрімен бірге қандай қылмысқа барған
Кәрім Мәсімов экс-қорғаныс министрімен бірге қандай қылмысқа барған

Кәрім Мәсімов экс-қорғаныс министрімен бірге қандай қылмысқа барған

Қаңтардағы қырғынның басты ұйымдастырушысы — Кәрім Мәсімов. Араға жыл салып, жазықсыз жандардың қаны төгілген, елдің тыныштығын бұзған Қаңтар оқиғасының тергеу нәтижесін бүгін Мәжіліс мінберінде бас прокурор айтты.

Депутаттар жуырда ғана Қаңтар шындығы бүкпесіз, боямасыз айтылсын деп, бас порокурорды Парламентке шақырған болатын. Берік Асылов қазірге дейін беті ашылған деректерге тоқталды. Тергеу толық аяқталмаса да, бір жыл бұрынғы тәртіпсіздікке билікті күшпен басып алып, төңкеріс жасауға талпынды деп баға беруге болады дейді ол. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы бұрынғы қорғаныс министрімен бірлесіп, қандай қылмысқа барған?

Жыл өтсе де Гүлсім апайдың жан жарасы жазылған жоқ. Кенже ұлының өмірі небәрі 27 жасында қыршыннан қиылды. «Полиция боламын» деген бала арманына енді жеттім бе дегенде, қаскөйлердің қолынан жантәсілім етті.

Гүлсім Сейдалиева, марқұмның анасы:

- 4 қаңтарда шығарып салдым. 7-сі күні маған хабар берді. Алтысы күні балаңыз Көктөбеде қайтыс болды. Көктөбеде атыс болып, сол жақта қайтыс болды деген хабар келді.

Қаралы қаңтар күллі елдің жүрегінде сызат қалдырды. Қаншама қан төгілді, қараша егілді. Бесіктегі бала жетім, аяулы ана жесір қалды. Мәжіліске жиналғандар былтыр қаңтар оқиғасы кезінде ғұмыры үзілген отандастырымызды бір минут үнсіздікпен еске алудан бастады. Бас прокуратурадан бастап, ішкі істер министрлігі, қорғаныс саласының өкілдері де осында. Бәрінің мақсаты  жазықсыз жандардың өмірін жалмаған дүрбелең айналасындағы алып-қашпа әңгімелерге нүкте қою, көптің көкейіндегі күмәнді сейілту.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болғаны белгілі. Мұны тергеу амалдары көрсетті. Баяндамада атап өткенімдей, бұл әрекет алдын ала 2021 жылы жоспарланған. Оны қылмыстық топ, діни экстремистер, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының мүшелері ұйымдастырған. Біз осы әрекетті ұйымдастырған 18 адамды анықтадық. Бұл жерде Жұмагелдиевтің, діни экстремистер Нұрпейісов пен Тілеужановтың рөлі ерекше болды.

Бас прокуратура осыған дейін Мәсімовтің ісіне қатысты тергеу барысы туралы тіс жарған емес. «Аса құпия» белгісімен тергеліп жатқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті экс-басшысының былықтары ашық айтылмады. Берік Асыловтың сөзінше, Кәрім Мәсімовтің бұйрығымен күштік құрылым өкілдері тәртіпсіздік басталған уақытта қол қусырып отырған. Оларға әкімшілік ғимаратты тастап, басы ауған жаққа кетіңдер деген бұйрық та келіп түсіпті.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- Тәртіпсіздіктердің жолын кесу бойынша шаралар уақтылы қабылданған жоқ. Соның салдарынан Алматы мен Талдықорған екі күн бойы қарулы содырлардың билігінде болды. Олар қаружарақтың үлкен арсеналын үш мыңға жуық автомат, тапанша, винтовка және он мыңнан астам оқдәріні ұрлап кетті. Яғни осы басшылардың кесірінен ең қауіпті атыс қаруы бүлікшілердің қолына түсті.

Бүгін күш құрылымы өкілдері парламентке қаңтар оқиғасы кезінде қаскөйлердің қолданған қару-жарақтарын ала келіпті. Мәселен, мындағы 200-ге тарта суық қарудың дені Тараз бен Алматы қалаларында тәркіленген. Ал осы бір жыл ішінде іздестіру жұмысының нәтижесінде 4913 қару табылыпты. 1900-ден астамы әлі іздестірілуде.

Бас прокурордың сөзіне сенсек, Мәсімовтің тапсырмасынан кейін қорғаныс саласын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған сол кездегі жауапты министр Мұрат Бектанов іске кірісе бастайды. Ол қазір стратегиялық нысандарды әскерилердің қорғауынсыз қалдырғаны үшін жауап беріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, ұрыс жағдайында қолындағы билікті асыра пайдаланған. Қазір Бектановтың ісі сот қарауында.

Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты:

- Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласында әскери киінген, толық қаруланған, байланыс құралдарымен өте жоғары дәрежеде қамтылған топ пайда болды. Олар қаланың ішінде содырлардың бүкіл жүрістұрысын басқарды. Бірақ қалада жағдай реттелгеннен кейін ол содырлар лезде жоғалып кетті. Осы бір жылдың ішінде сол содырлардың біреуі табылды ма? Оларға әскери киім мен қаруды, рацияны кім берді? Осы мәселенің мәнжайы зерттелді ме?

Бас прокурор әскери киім киген белгісіз бір топтың болғанын жоққа шығармады. Бірақ олардың кімдер екені әлі де анықталмаған. Қалың қарашаның арасына кіріп сойқан салғандар сол күйі бой тасалап үлгеріпті. Олардың түр-түсін анықтауға бас прокурор уақыт сұрап отыр. Ал осы қаңтардан кейін жұмыс істеген тәуелсіз комиссия жетекшілерінің бірі адвокат Абзал Құспан қаза тапқандардың туыстары мен жапа шеккендердің көмексіз қалғанына қынжылды. 

Абзал Құспан, адвокат:

- Комиссия өз қызметі барысында әттеген ай дегізетін жағдайлардың да куәсі болды. Атап айтқанда, алаңда қаза тапқандардың артында қалған көптеген жас отбасылар қиын материалдық жағдайға тап болған еді. Сол себепті комиссия еліміздің мұнай саласындағы бірқатар ірі компанияларға хат жолдап, мұқтаж жандарға көмек көрсету жөнінде өтінішімізді білдірген болатынбыз. Өкініштісі сол, бірдебір компания оған өз келісімін бермеді. Тіпті Қазақстан  халқына қоры да.

Тәуелсіз комиссия жұмыстың алғашқы күнінде-ақ тергеудегі ондаған адамның босап шығуына ықпал еткен. Кейін Тараз, Талдықорған, Шымкент және Семей қалаларында жұмыс жалғасып, қылмыстық істер бойынша қамалған 1600-ге жуық адамның 600-інің жазасын жеңілдетуге үлестерін қосыпты.

Бүгін Бас прокурор осыған дейін айтылмаған тағы бір тың ақпараттың бетін ашты. Оның айтуынша, күш құрылымдары Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына дейін қару қолданған. Яғни шабуыл жасаушыларға президенттің бұйрығын күтпестен оқ атылған. Заңға сәйкес, адамдардың өмірі мен денсаулығын, елдің тыныштығына қауіп төнген кезде қаскөйлерге тойтарыс беру үшін арнайы бұйрық қажет емес дейді Асылов. Әскери қару бірінші рет 5 қаңтар күні сағат 16:00-де президент резиденциясына, полиция ғимараттары мен әкімдіктерге жасалған шабуылды тойтару кезінде қолданылған. Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтар күні атыс қаруын қолдануға бұйрық берген болатын.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде