{metadescription}
Жолға шықпауға ескерту беріледі
Жолға шықпауға ескерту беріледі

Жолға шықпауға ескерту беріледі

Еліміздің басым бөлігінде күн райы әлі ашылмай тұр. Шығыс Қазақстан облысында ақтүтек боран соғып, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай жатыр. Қар құрсауында қалған 12 Ресей азаматы құтқарылды.

Ақмола және Абай облысында тасжолмен жүру мүмкін емес. Жауын жауып, асфальт көк тайғаққа айналған. Сондықтан Семейдің шыға берісіндегі барлық күре жол жабылды.

Шығыс Қазақстан облысында ат құлағы көрінбейтін ақ боранның беті қайтпай тұр. Алыс сапарға шыққандар діттеген жеріне жете алмай жолда қалып жатыр. Құтқарушылар қар құрсауында қалған 12 Ресей азаматын құтқарды. Қазақстанға бет алғандардың арасында екі бала бар.

Арман Тоқанов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:

- Құтқарылғандар Шемонаиха қаласының қонақ үйіне орналастырылды. Онда жергілікті билік тамақ беруді ұйымдастыруда. Қазір өңірде 15 автожол жабық күйінде қалып отыр. ШҚО ТЖД ауа райы тұрақталғанша жолға шығуды тоқтатуды сұрайды.

Ақмола облысында жол көк мұз. Оның үстіне оқтын-оқтын қарлы боран соғып, қарыс қадам көрінбейді. Тізбектелген көліктерге тәртіп сақшылары жол бастап жүр. Олар кеше кешкісін қаз-қатар тізілген 1200 автокөлікті Шучьеден Астанаға дейін шығарып салған.

Әсем Әбдікәрімова, Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің ресми өкілі:

Тәртіп сақшылары тізбектелген көліктің бірбіріне соғылып қалмауын, жарысып озып кетпеуін ескертіп, діттеген жеріне аман-есен жеткізу үшін қол ұшын беріп жатыр. Дегенмен ауа райының қолайсыздығын, сағат сайын келіп жатқан хабарламаларды ескеріп, жолға шықпауға кеңес береміз. Қазір осы жұмыстармен жол үстінде 100-ге тарта полиция қызметкері жұмыс істеп жатыр.

Семейде де ақтүтек боран толассыз жаңбырға ұласып, күре жолдар мұз айдынына айналды. Қазір шаһар көшелерінде қозғалыс қиындаған. Сондықтан жергілікті оқу орындарының студенттері жаппай қашықтықтан оқуға көшірілді. Ал қала сыртындағы тасжолдарда көлік қозғалысына шектеу қойылды. Әйтсе де ескертуді елемей жолға шығып опық жеп жатқандар көбейген. 

Мерхат  Берекбулов Абай облысы ПД қызметкері:

Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты биыл 6 бастап ҚалбатауСемей, Өскемен-Семей, Алматы-Өскемен бағытында уақытша жол жабық. Полиция тарапынан қойылған шектеуді дұрыс түсінуге, алыс жолға шықпауды сұраймыз.

Көктайғақ салдарынан шаһардағы травматология бөліміне екі күнде аяқ-қолын сындырған 15-ке жуық адам жеткізілген. Ал жергілікті коммуналдық кызметкерлер күшейтілген тәртіпке көшіп, көкмұзға құм төсеп әлек. Олар қанша жанталасқанмен, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шамасы жетпей жатыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде