Ауа райына қатысты ескертуді елемеген жүргізушілер жазаланып жатыр
Еліміздің бірқатар өңірінде сақырлаған сары аяздың кесірінен оқушыларға сабақ тоқтатылды. Алдағы екі-үш күн бойы балалар қашықтан оқиды. Синоптиктер солтүстіктен келген суық ауа ағымы әлі сақталады деп отыр. Ал шығыс пен оңтүстіктегі көктайғақ тұрғындарды әбігерге салып жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
09.01.2023
Солтүстік өңірде соңғы екі күн бойғы толассыз соққан алай-дүлей боран жұртты әбден әбігерге салды. Жол сақшылары республикалық, облыстық маңызы бар 61 жол учаскесін жауып тастады. Соның салдарынан 1200 көлік діттеген жеріне жете алмай жолда қалған. Далада қалған 65 адам жылыну бекетіне жеткізілген. Қазір боран сәл саябырсып, енді аяз қыса бастады. Ауа температурасы минус 32-34 градусқа дейін төмендеді. Сондықтан облыстағы мектеп оқушылары тегіс қашықтан оқуға көшті. Үсіп қалған, жарақат алған адам жоқ. Елдімекендерде су құбырлары жарылып, электр желілері де үзілген.
Қайрат Қасым, Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- 10 елдімекеннің электр желісі мен су құбырында апат болған. Қазір төрт ауданда электр желісі, Қорғалжында су магистралі жөнделіп жатыр. Синоптиктер әлі де қатты аяз болатынын ескертеді. Әсіресе дизельді көлік жүргізушілері абай болғаны жөн. Осы күндері жолдағы шектеулерді түсінгісі келмей, тәртіпке бағынбаған бірнеше жүргізушіге әкімшілік айыппұл салынып, тіпті бірнешеуі 15 тәулікке қамалды.
Қысқы каникулы енді біткен ақтөбелік оқушылар осы аптаның сабағын қашықтан оқитын болады. Күні кеше бұл аймақта қырдағы қар суы еріп ауыл-аймақты әбігерге салған. Артынша аяз күшейіп, сынап бағанасы 27-30 градусқа төмендеді. Синоптиктер түнде 37-градусқа дейін суық болады деп болжайды. Сондықтан оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектепке келмеуге мұғалімдері рұқсат беріп отыр.
Нұргүл Бертілеуова, Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Ал 27 градустан төмен температура орын алған елдімекендерде және аудандарда 19 сынып аралығында балалардың сабағы тоқтатылды. Қазгидромедтің болжамынша алдағы үш күнде ауа температурасы төмен болады деп күтіліп отыр. Соған бойланысты ертеңнен бастап оқыту онлайнға көшіріледі.
Семейдіе оқушылар мен студенттер көктайғақтың кесірінен сабаққа бара алмай қалды. Шаһарда жаңбырдан соң көшелер мұз айдынына айналған. Көлік біткен қала ішінде тұсаулы аттай титықтап жүр. Аққар көк мұзда травматология бөліміне аяқ-қолын сындырған 17 адам жеткізілді. Коммуналдық мекеме жұмысшылары көшеге құм төсеп үлгермей жатыр.
Әділбек Увасилов, Семей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Мердігерлік кәсіп орындарының техникасының уақтылы шықпауы және орындаған жұмыс сапасы төмен болуына байланысты қиындық туындауда. Осыған байланысты автокөлік жолдар бөлімі бұл фактіні тоқтату үшін айыппұл салу түрінде шара қолданамыз.
Қарағанды облысында бүгін ғана боран тыншып жеті бағыттағы жолға таңертең ғана жан бітті. Соңғы күндері жолдар жел басыла қалса және тазартылып үлгерсе ғана ашылып келген. Көбіне жабық тұрды. Боран қаланың ішіне де қарды үйіп тастады. Мерекеден бері дамыл көрмеген коммуналдық қызмет те титықтап бітті. Сыртқы күре жолдарда жағдай мәз емес. «Қазавтожол» мекемесі 30 желтоқсаннан бастап күшейтілген режимге көшкен. Осы аралықта тазартылған қарды санамағанда, жолға 9 мың текше метр құм тұз қоспасы себілген.
Ләззат Стамғазиева «Қазавтожол» ҰҚ АҚ ресми өкілі:
- Қазір күн жылынып, аяз басталды. Сондықтан күн ашылғандықтан тас жолды да біртіндеп ашып жатыр. Жаңажылдық мерекеден бері жолшы мамандар осы жол қызметтері күшейтілген режимге ауыстырылды. 30 желтоқсаннан бастап күштейілген режимде әлі жұмыс істеп келе жатыр.
Ауа райына қатысты ескертуді елемей жолға шығатын жүргізушілердің алды жазаланып жатыр. Тәртіп сақшылары боранды күні заң талабына бағынбағандардың әрбіріне 100 мың теңгеден аса айыппұл салып, кейбірін 15 тәулікке қамадық деп отыр. Сондықтан 112-ден келген хабарламаны қалт жібермей қадағалап отырған жөн.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!