Атамекендіктер тұзды суға белшесінен батып отыр – Маңғыстау облысы
Сорды қайнатқан сор. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында бүтін бір ауыл тұзды суға белшесінен батып отыр. Атамекен ауылында жерасты суы көтеріліп, тұрғын үйлерді сыз тарта бастаған. Тіпті көшеге жайылған тұз судан аяқ алып жүре алмаймыз дейді тұрғындар.
Автор: Айман Нұрмағанбет
10.01.2023
Олар жергілікті биліктен дренаж жүйесін жасап беруді талап етуде. Ал әкімдік сор суын сорғызатын қондырғылар орнатуға уәде берді.
«Көктем» тұрғын үй массивіндегі №53 үй. Пәтер иесі үйінің астынан шығатын сор суды күнде тазалап әлек. Иісі қолқаны қабатын су қыста да, жазда да кетпей, үйдің қабырғасы көгеріп, бөлмелерден жағымсыз иіс шығып, күннен-күнге үйдің іргетасы үгітіліп жатыр.
Жасы 90-ға таяған Жалғас Тілекбаев бұл үйге көшіп келгелі «көрген күнім осы» дейді. 16 жылдан бері сор сумен жағаласып әлек болған. Бастапқыда суды ақшаға алдыртса, қазір зейнетақысы жетпейді. Ақсақал әкімдіктен көмек бола ма деп үміттенеді.
Жалғас Тілекбаев, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Суды өзім тазалап тұрамын. Машинамен алдырғанмен, су көбейе береді. Бірекі алғанға болмайды. Астынан шығып тұр. Өзім өлейін деп отырмын. Жасым 90-ға жақындады.
Бұл тек үйдің ішіндегі жағдай емес, есіктің алдында да сол көрініс. Тұрғындар үйіне су кірмес үшін құм тасып әлек болады екен.
- Мына су қысыжазы кетпейді. Жаңбыр жауса көбейеді. Тасып үйге кіреді. Жазда шыбыны бар, масасы бар. Бактерия толы, мүмкін емес...
Жер астынан шығатын тұзды су денсаулыққа да зиян дейді тұрғындар. Кезінде ол ағатын арнайы арық болған. Алайда ауылға емхана салғанда суағар бітеліп қалыпты.
Нұрсұлу Көшербаева, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Жер астынан көтеріліп жатырған тұзды су. Биыл «Ясин» деген аурухана ашылды. Ол жоқ кезде шамалы арық жүргізіп, суды былай ағызды. «Ясинді» салғаннан кейін үлкен жүк көлігі жолдың бытшытын шығарды. Баяғы салған арықты бекітіп тастады. Су енді қайда ағады? Міне, келіп жатыр.
Мұратбай Оразов, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Дренажды көміп тастаған. Алдын жапқан, 2019 жылдан бері. Оның үстіне бетон лоток қойған. Ол негізі үш метр тереңдікте қазылып жатқан коллектор болуға тіис. Оның бер жағындағы 1, 2 метр тереңдікке тартылмайды. Терең дренаж қазылып тартылса, екінші бір жерге құйылып тұратын болса, мына жерде су қалмайды.
Тұрғындардың айтуынша, сор суды жинауға ауыл әкімдігі кішігірім сорғы орнатқан. Алайда аталған құрылғы жиі істен шығады дейді жиналғандар. Сондықтан дренаж жүйесін жасау керек дейді.
Тоқтагүл Өтемұратова, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Бұрынғы Кеңестер заманындағыдай дренаж жүйесі керек. Екіншіден, асфальт керек. Жаңбыр жауса, мына үлкен жолдың суы «Көктем» бірінші көшеге ағады. Ол су кетпейді, сіңбейді, тұра береді.
Әкімдіктегілер ауыл ішіне тас жол төселеді деп сендірді. Ал сор суды тарту үшін насос саны көбейтіледі.
Ерлан Қайнаров, Атамекен ауылының әкімі:
- Жерасты суының соңғы уақытта деңгейінің көбейіп, мөлшерінің артуына байланысты, бұрынғы қойылған насостардың күші жетпей жатыр. Соған байланысты ауыл бюджеті есебінен аббаттандыру қызметі есебінен үлкен, қуатты жоғары насос алып, бір айда орнатып, суды азайту мақсатында жұмыс істейміз. Қазір басталып кетті.
Ауыл әкімі жұрттың сорына айналған сор суды бір айдың ішінде құрғатамыз деп уәде берді. Бұл жұмысты істейтін мердігер мекемені де тапқан. Сондықтан тұрғындарға тек төзім керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!