{metadescription}
Қазына қаражатына алақан жаюдан алдына жан салмайтын ведомстволар
Қазына қаражатына алақан жаюдан алдына жан салмайтын ведомстволар

Қазына қаражатына алақан жаюдан алдына жан салмайтын ведомстволар

Қазақстанға «Газ одағына» мүше болуға қатысты ресми ұсыныс түспеген. Дегенмен Ресеймен арада газ тасымалына қатысты келіссөз жүріп жатыр дейді премьер Әлихан Смайылов. Үкімет басшысы атом электр станциясының құрылысына қатысты да мәлімдеме жасады.

Бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылданбағанымен, "Росатом" компаниясымен дайындық пысықталып жатыр екен.

Жаңа жылдан кейінгі алғашқы отырысында Үкімет табалдырығын енді аттаған бес министр ант беріп, өткен жылдың бюджетін жұмсай алмаған өңірлер мен министрліктердің аты да аталды. Қазына қаражатына алақан жаюдан алдына жан салмайтын, алайда оны берекелі жұмсауға икемсіз ведомствалар қайсы?

Үкімет жартылай жаңарған құраммен бүгін жаңа жылдың алғашқы отырысына жиналды. Жуырда ғана атқа қонған ақжағалылар қызметтеріне кіріспес бұрын әдеттегі үрдістен жаңылмай ант берді.

Министрлердің жүзі жаңарғанымен, сол баяғы ескі проблемалармен күресуге тура келеді. Үкімет басшысы Қоян жылы да небір қалтарыс пен бұлтарысқа толы болады деп әлден болжап отыр. Ал әзірге жылдың соңында қабылданған жаңа заңдарды жүзеге асыру міндеті тұр. Әуелгісі, кредитке белшесінен батқан қазақстандықтарды қарыз қамытынан құтқару. Ол күн де алыс емес. 3 наурыздан бастап ел азаматтары өзін банкрот деп жариялай алады. Әдетте осы сынды халықтық науқан басталар алдында пайда көздеген пысықайлардың іске кірісетіні бар. Бұл ретте қаржы министрі тек ресми, расталған ақпаратқа сенуге шақырып отыр.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

- Қазір ұйымдастыру және техникалық ісшаралар жүріп жатыр. Алдымен БАҚ және қызмет көрсету орталықтарында ақпараттық сүйемелдеу ұйымдастырылуда. Министрлік пен оған бағынысты ведомстволардың сайттарында түсіндіру ақпараты орналастырылып, азаматтарға SMS таратылып жатыр. Сондай-ақ азаматтар қызмет көрсету орталықтары арқылы кеңес алуына болады. Оларға банкроттық заңның негізгі ережелері түсіндіріліп, жадынама таратылады.

«Қарыздан құтылсам болды» деген ойдың жетегіндегілер банкроттықтың салдарына мән бермеуі мүмкін. Сондықтан премьер отандастарымызды жаңа заңды жан-жақты зерделеп барып шешім қабылдау керектігін тағы да еске салды. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Азаматтардың міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуі көзделіп отыр. Осы шаралардың барлығы банкроттық рәсімнен кейін азаматтық төлем қабілетін қалпына келтіруге және борыштық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Банкрот деп мойындау қарызды төлемей кету емес, тек шарасыз жағдайдағы көмек екенін әркім білуі керек.

Қыс қаһарына енді мінгенде елдегі жылу электр орталықтарының жағдайы күн тәртібінен түспейді. Қазір сондай орталық иесімен бірігіп, Үкімет қазандықтарды жаңарту мәселесін қолға алыпты. «Алдағы екі-үш жылдың ішінде Екібастұз жылу электр орталығының барлық желісін қайта жаңартамыз. Аталған жұмыс тек Екібастұзда ғана емес, басқа қалаларда да жүргізіледі деп сендірді премьер.

Жиналыстан кейін Смайылов тілшілерге арнайы шығып, сұрақтарына жауап берді. Қоғамда талқыға түсіп жатқан тақырыптың бірі атом электр станциясы. Құрылысты кім бастайтыны нақтыланбаса да, дайындық "Росатом" компаниясымен пысықталып жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Біз бұл нысанды әлемдегі ең озық технологиялары бар әртүрлі компаниялармен бірге салуды көздеп отырмыз. Яғни біз көпжақты жоба болғанын қалаймыз. «Росатоммен» бірлесіп арнайы жол картасы жасалды. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша тікелей ядролық жабдықтарды кімнің жеткізетіні нақты анықталады. Содан кейін ғана нақтысын айтамыз. Бұл әлі де сараптамалық зерттеуді қажет етеді, әлі шешім жоқ.

Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қазақстанның үшжақты "Газ одағын" құруына қатысты сөз болды. Жуырда ғана Өзбекстан билігі "Газ одағына" кіруден бас тартқаны туралы ақпарат тараған. Смайыловтың сөзінше, қазір үш жақты газ одағын құру бойынша Қазақстанға да ресми ұсыныс түспепті. Десе де газ тасымалына қатысты Ресеймен келіссөз жүруде. «Қандай шешім қабылдайтынымызды, содан кейін қарастырармыз» дейді премьер-министр. Ал вице-премьер Ерұлан Жамаубаев мемлекет қаржысын игере алмай отырған министрліктердің атын атады. Ол: сауда және интеграция, цифрлық даму, төтенше жағдайлар, мәдениет және спорт министрліктері. Өңірлер арасында Жетісу, Батыс Қазақстан, Маңғыстау мен Ұлытау облыстары қазына қаражатын тиісті жерге уақтылы жұмсай алмаған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде