Алматыда 160-қа жуық жол апаты тіркеліп, 25 адам жарақат алған
Алматылықтарды түннен бері толассыз жауып жатқан қар әбігерге салды. Қолайсыз ауа райының салдарынан бір тәулікте 160-қа жуық жол апаты тіркеліп, 25 адам жарақат алған. Әкімдік түннен бері қар тазалау жұмысын жүргізіп жатқанымен, қаланы қалың қардан бірден аршу оңайға соқпас.
Автор: Асқарбек Қазанғап
11.01.2023
Оның үстіне аяздың күшейетін түрі бар. Білім басқармасы алдағы күндері оқушылар мен бірінші, екінші курс студенттері қашықтан оқитынын хабарлады. «Қазгидрометтің» оңтүстік астанадағы күн райына қатысты болжамы:
Қаладағы қардың қалыңдығын жол жиегіндегі көліктерден-ақ аңғаруға болады. Дөңгелектері көрінбей қалған. Тауда 25, шаһарда 15 сантиметрге дейін жауған. Онсыз да кептелістен көз ашпайтын Алматыда бүгін автобустар әдеттегі кестесінен кешігіп жатқаны жолаушылардың шамына тиді.
Ақниет:
- Автобусты күтіп тұрғаныма 20 минуттай болды. Автобус жоқ. Жұмысқа баратын автобусым. Такси жалдауға тура келіп тұр.
Түннен бері тыным таппаған техника түске дейін екі мың текше метр қарды шығарып үлгерген. Әкімдік сақадай саймыз дегенмен, жапалақтаған қар тоқтамаса, біраз тер төгулеріне тура келеді.
Александр Сергеев, Алматы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:
- Алматыда қар жауып жатқанына бір тәуліктен асты. Көктайғаққа қарсы 3267 текше метр материал жолға төгілді. 524 арнайы техника мен 1270 жұмысшы жұмылдырылған. Негізгі жұмыс түнде жүргізілді. Бірнеше рет колоннамен жүріп өттік.
Жылда қар жауса жүргізушілер жүрісінен жаңыла ма, әйтеуір жол апаты күрт көбейеді. Бір тәуліктің өзінде 158 дерек тіркелді. 25 адам түрлі жарақат алған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Сақтық шараларын таныту керек. Жол жүру ережесін қатаң сақтау керек және бірбіріне сыйластық таныту керек. Сонда ғана адам шығынын, қандай да бір ауыр зардабы бар жол-көлік оқиғаларынан аман-есен шығуға мүмкіндік болады.
Суыққа кірпияз алматылықтардың көңілін синоптиктердің болжамы көншіте қоймас. Алдағы күндері минус 20 градусқа дейін аяз қаритын түрі бар. Дегенмен былтырғымен салыстырғанда бұл қыс қытымыр емес.
Дәулет Кісебаев, «Қазгидромет» РМК Алматы филиалының инженері:
- Ертең түнде ауа температурасы минус 21-23 градусқа дейін төмендейді. Күндіз 15-17 градус аяз болады. Арғы күндері күн райы қатты құбылмайды. Желдің жылдамдығы секундына жарты метр болады деген болжам бар. Түнде аяз 25 градусқа дейін күшеюі мүмкін.
Алматының минус 20 градус аязға әбігер болғанын естіген солтүстік пен арқаның адамдары «сол да сөз болып па» дер. Көктемі көп күттірмейтін, қысы алты айға созылмайтын аймақтың тұрғындары үшін бұл шынында сарышұнақ аяз болғалы тұр. Тіпті ертеңнен бастап барлық сыныптың оқушылары мен бірінші және екінші курстың студенттері қашықтан оқуға көшеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!