Таразды қар басып, ШҚО-да ақтүтек боран аязға ұласты
Таразда 77 мыңнан аса оқушының үштен бір бөлігі онлайн оқуға көшті. Күннің күрт суытуына байланысты білім саласына жауаптылар даярлық тобынан 4-сыныпқа дейінгі балаларды қашықтан оқытуды ұйғарыпты.
Автор: Руслан Әбдіхалық
11.01.2023
Айгүл Байназарова, Тараз білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Мектеп алды даярлық сыныптары, қашықтан оқытылуы облыс білім басқармасы басшысының бұйрығына сәкес жүргізіліп отыр. Бүгінгі күнде 33 347 оқушы онлайн форматта оқуын жалғастыруда.
Кеше Жамбыл облысында күні бойы қар жауды. Ақ ұлпа Тараз қаласын да басып қалды. Ал, бүгін ауа температурасы бірден 12-15 гардусқа дейін төмендеп, тұрғындар бүрсең қағуда. 4-сыныпқа дейінгі оқушылар тек бір күн ғана онлайн форматта оқитын болды.
Шығыс Қазақстанда да бет қаратпайтың ақтүтек боранның соңы саршұнақ аязға ұласты. Қазір мұнда сынап бағанасы 30 градусқа дейін төмендеген. Соның кесірінен қаладағы мектептердің бастауыш сынып оқушыларына сабақ тоқтатылды. Ал қалың түскен қардан Зайсан ауданының тұрғыны ажал құша жаздады. Жергілікті азаматтың денсаулығы күрт нашарлап, қыстаққа жедел жәрдем көлігі жете алмай қалған. Дәрігерлер құтқарушылардың көлігін қолданып науқасты ауруханаға әзер жеткізіпті.
Жадыра Аманғалиқызы, ШҚО ТЖД бас маманы:
- Қазір өңірде дауылды ескертудің сақталғанын еске саламыз. Өңірде қатты аяз сақталады. Аса қажет болмаса, елдімекеннен алыс шықпауға және өз қауіпсіздігімізді сақтауды сұраймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!