Ақтөбеде дизель отыны қатып, үсігендер ауруханаға түсіп жатыр
Ақтөбеде сақырлаған сары аяздан қоғамдық көлік қатынасы қиындады. Автобустың көбі дизель отынмен жүреді. Жанармайы қатып қалып, рейске уақтылы шыға алмай отыр. Апта басынан бері өңірде сынап бағанасы 30 градустан төмен түсіп кеткен. Шыңылтыр аяздан аяқ-қолын үсітіп ауруханаға түсіп жатқандар да көп.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.01.2023
Аяз күшейгелі Ақтөбедегі автобус паркіндегілердің мазасы қашқан. Таң атасымен жылыту құралдарын арқалап қоғамдық көліктің қатып қалған жанармайын жібітумен әлек. Дизельді отынмен жүретін автобустар аязда қатып қалады. Қазір қалада әр бағыттағы 160 автобустың жартысына жуығы жолға шыға алмай жатыр.
Құлмырза Айымбетов, автобус жүргізушісі:
- Күн аяз, соляркамыз қатып, жүрмей жатыр. Бір айналым жасадық. Жөндеуге келдік. Істеп болған соң, жұмысқа қайта қосыламыз. Мына аяздың кесірі. Техника сондай, солярка қатып жатыр.
Тек қалада емес, халықаралық бағыттағы автобустардың кестесі де бұзылды. Құтқарушылар бір күнде жолда қалған екі автобустың алпыстан астам жолаушысын құтқарған. Шымкенттен көршілес Ресейге бет алған қоғамдық көлікте өзбекстандық азаматтар болыпты. Автобустың дизель отыны қатып жолда жүрмей қалған. Жолаушылар Ырғыз ауылындағы мектеп пен Қарабаұтақтағы мешітке орналастырылды.
Аяз күшейгелі үсік шалғандар көбейген. Айналдырған екі күн ішінде жедел жәрдем ауруханасынан 30-дан аса ақтөбелік көмек сұрапты. Үсіктен қол-аяғының терісі үлбіреп кеткен бір тұрғынды ауданнан жеткізген.
Абзал Қадырбаев, травматолог:
- Көбінің саусақтары үсіп кеткен. Бір адамның сол жақ беті үсіген. Екі әйелдің құлағының ұшы үсіген. Аязда сырғамен жүрген, құлағының ұшы ашық, темір сырғадан үсітіп алған.
Шыңылтыр аяз коммуналдық қызметтің де жұмысын тұралатты. Дизель отынмен жүретін қоқыс таситын көліктер де оталмай, тұрмыстық қалдықты уақтылы тазарту мүмкін емес. Дегенмен синоптиктер демалыс күндері аяз басылып, сынап бағанасы 10-15 градусқа көтеріледі дейді. Қазір аймақта 30-35 градус аяз болып тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!