{metadescription}
Ескерту: Көшеде ұзақ жүрмеңдер
Ескерту: Көшеде ұзақ жүрмеңдер

Ескерту: Көшеде ұзақ жүрмеңдер

Көшеде ұзақ жүрмеңдер. Алматының төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарына аязға байланысты ескерту жариялады. Түннен бері ауа температурасы минус 23-ке дейін төмендеген. Елдің оңтүстік өңіріндегі өзге қалалар да күннің суытқанына байланысты шектеу енгізіп, қашықтан оқуға көшірілді.

Синоптиктер арктикалық антициклон Қазақстанның шығысы мен оңтүстігіне қарай жылыстағанын айтады.

Алматыда автобустар әдеттегідей емес, бүгін бостау. Оқушылар онлайн оқуға көшкен. Аязға байланысты балаларын бірер күнге мектепке апарудан босаған ата-аналардың көңілі орнында болар. Синоптиктер алдағы төрт күнде температура минус 25-ке дейін суытатынын айтады. Осыған байланысты төтеншеліктер қала тұрғындарын далада бейсауат жүрмеуге шақырады.

Дамир Төлебаев, Алматы төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының инженері:

- Алматы төтенше жағдайлар департаменті қысқы кезеңде қауіпсіздік шарасын сақтауды сұрайды. Көшеде ұзақ серуендемеңіз. Қажетсіз, қаладан тыс жерге бармаңыз. Көшеге шыққанда жылы киініп жүріңіз. Сонымен қатар департамент тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тұрғындардың тіршілігін қамту объектілеріне бақылауды күшейтеді.

Жамбыл облысында аяз 33 градусқа дейін баруы мүмкін. Дегенмен Облыстың білім басқармасы оқушылардың бәрін жаппай онлайн оқуға көшіруге асықпайды. Алматы 20 градус аязға бола, барлық сынып пен бірінші, екінші курс студенттерін қашықтан оқуға жіберді. Тараздықтар сынап бағанасы 30-дан түссе де, жоғары сынып пен студенттер алаңсыз оқи беретінін айтады.

Айгүл Байназарова, Тараз білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

Мектеп алды даярлық сынып пен 1-8 сынып оқушылары аралығында, яғни 68801 оқушы онлайн оқуға жіберілді. Ал, 9-10-11 сынып оқушылары оқуды дәстүрлі форматта жалғастырады. Бұл аталған жағдай бұйрық екі күнге шығарылған – 12-13 қаңтарға.

Ақтау да кешелі сабақты қысқартқан. Бірақ бүгін жаппай онлайнға ауыстырылды. Термометр бар-жоғы -10-ды көрсеткенмен, желдің секундына 25 метр жылдамдықпен ұйытқуы өңменнен өтеді. Дегенмен жергілікті синоптиктер арктикалық циклон алдағы күндері аймақтан ойысады дейді.

Айгүл Төлеуғалиева, «Қазгидромет» РМК Маңғыстау  филиалының директоры:

- Жел жылдамдығы артқан сайын күн суытады. Оған қоса ауада ылғал көп болса, температура күрт төмендеп кеткендей сезіледі. Дегенмен қазір температура жайлап көтеріледі. Минус 20 градус – қауіпті метеорологиялық құбылыс.

Синоптиктер сарышұнақ аяз алдағы төрт күн сақталады деп топшылайды. Сондықтан төтеншеліктер қолайсыз ауа райында лаж болса, ешқайда шықпауға шақырады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде