Шетелдік нөмірлі көлікті тіркеу 23 қаңтардан басталады
Шетелдік нөмірлі көлікті тіркеу 23 қаңтардан басталады. Ішкі істер министрлігі жүргізушілерге алты ай мерзім уақыт беріп отыр. Осы аралықта көлігін заңдастырып үлгермегенге қомақты айыппұл салынады. Алайда шетел көлігін тізгіндеп жүргендер Үкіметтің бұл шешімі әлі шикі деп санайды.
Автор: Айғаным Достанбай
12.01.2023
Әсіресе машинаның кедендік тазартудан өтуі мен тіркелген жері бойынша есептен шығаруы сияқты талаптарына наразы.
Сырттан әкелінген көлікті заңдастырудың ережесі бұған дейін де талай айтылған. Негізі талаптары ел аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген, іздеуде болмауы қажет, бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылған, сондай-ақ кедендік тазартудан өткен болса, қазақстандық ақ нөмір алуға еш кедергі жоқ.
Қайсар Сұланбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Бұл көліктерді заңдастыруға алып келген кезде біз ол автокөліктердің қай елде және қай жерде тіркеуде тұрғанын міндетті түрде тексереміз. Екіншіден, көлік қай уақытта шекарадан өткенін, сонымен бірге ол кедендік баж салығын төлеген бе, төлемеген бе, ол да қаралады. Үшіншіден, біздің тіркеу пунктінде арнайы полиция қызметкелері – эксперткриминалистер. Олар автөлік нөмірін және оның бөлшектерінің нөмірін, ондағы құжатты заңды, не заңсыз екенін жіті тексереді.
Бірақ шетел көлігін айдап жүргендер талаптардың әсіресе соңғы екі тармағы ақылға қонымсыз дейді. Сырттан келген көліктердің 80 пайызы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған. Ол үшін дәл қазір шекара асуға дайын тұрған ешкім жоқ. Барған күннің өзінде мүліктің иесін табуы екіталай. Демек 300 мың шетел көлігінің әрі кетсе 15-10 пайызы ғана ақ нөмір ала алады.
Данияр Мәкешев, Астана тұрғыны:
- Тіркеуге алынатын көлік, сол адамның өзіне қаншама ауырпашылық салады. Оны Ресейге барып тіркеуден шешу үшін қаншама қаражат, уақыт кетеді. Онда айтып жатқан интеграция базасы жоқ. Онлайн, мына жақтан олар шеше алмайды.
Дау туғызып отырған тағы бір тармақ – көліктің кеден тазалауынан өтуі. «Бірақ бұл норма Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерден әкелінген машиналарға қатысты», - дейді ІІМ өкілі. Нақты саны белгілі болмаса да, Грузия мен Монғолияда тіркеуде тұрған көлікті тізгіндеп жүргендер жетерлік. Әлбетте жұрт айтып жүрген 200 мың теңгеге, былайша айтқанда, су тегін рәсімдеу олардың түсіне де кіріп шықпайтыны анық.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Заңдастыру аяқталғанша, біз рейд жүргізбейміз. Бірақ заңдастыру аяқтала салысымен, "Заңды жүргізуші" рейдін жүргізетінімізді ескертемін. Сонда шетелдік тіркелген барлық көлік құжаттарының баржоғын, құжатқа сәйкестігін тексереміз және оның неге әлі тіркелмегенін анықтаймыз.
Көлік тіркеу 23 қаңтардан басталады. Азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе электронды үкімет арқылы онлайн өтініш бере алады. Автокөлік иесінде төлқұжаты мен көліктің техникалық куәлігі талап етіледі. Құзырлы орындар жүргізушілерге алты ай мерзім беріп отыр. Сол аралықты тіркеуге тұрмағандарға айыппұл салынады.
Былтыр шетел көлігін жүргізушілерінің кінәсінен 1800-ге жуық жол апаты болып, 500-ге тарта адам көз жұмған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!