Мектеп құрылысы басталмай жатып тоқтаған – Түркістан облысы
Түркістан облысының Ордабасы ауданында 1200 орындық мектепте 4 мыңнан астам оқушы оқып жатыр. Шұбарсу ауылындағы мектепте бала саны төрт есеге көп болғандықтан, сабақ 45 минут емес, 30-35 минутқа қысқартылған. Білім ордасына оқушы сыймаған соң, сенбі күні де жұмыс істейді.
Автор: Бек Әбиев
12.01.2023
Ал жаңа салынып жатқан білім ошағының құрылысы басталмай жатып тоқтаған. Тұрғындар жаңа мектепті тезірек ашуды талап етуде.
Шұбарсу ауылындағы Мұхамедқұл Исламқұлов мектебі төрт жылдан бері бала сыйдыра алмай жатыр. Сондықтан биылдан бастап үш ауысыммен оқытуға көшкен. Өйткені 1200 орындық мектепте қазір 4099 оқушы білім алуда. Бірақ бұл балалардың білім сапасы мен қауіпсіздігіне теріс әсер етуде дейді ата-налар.
Ұлболсын Толабаева, Шұбарсу ауылының тұрғыны:
- Мектепте үш ауысым, сабақтары 30-35 минуттан. Ол уақытта білім алып үлгере ме? Ол бірінші мәселе. Сосын кеш қайтады. Үшінші ауысымдағылардың сабағы сағат үш жарымда басталады. Кешкі сағат 7 жарымда бітеді. Ол уақытта қараңғы. Ал біздің жолды білесіздер – лай. Балам лайға құлаған.
Ұл-қызының білім сапасы төмендемес үшін қаржы шығындап қосымша үйірмеге қатыстырамыз дейді ата-аналар. Өйткені оқу сағаты 35 минутқа қысқартылған. Мектеп басшылығы бала саны көп болғандықтан, амалсыз осындай қадамға барып отырмыз деп ақталды.
Бақтыгүл Тастанбекова, Мұхаметқұл Исламқұлов атындағы жалпы орта мектептің директоры:
- Басқаша шешу жолы жоқ. Себебі, ауылдағы барлық мектепте бала сыйымдылығы көп. Мұнда күнде көшіп келіп жатыр. Оқушы саны көптігіне байланысты мұғалімдер де атааналардың келісімімен шешілген. Бізде қамқоршы кеңесі бар.
Шұбарсуда 2019 жылы 600 орындық мектеп құрылысы басталған. Бірақ іргетасы қаланып, сол күйі сақалды құрылысқа айналған. Егер осы білім ошағы салынса, мәселе толық шешілер еді дейді ата-налар. Ал бұл ауылда мектеп тапшылығы барын мойындаған аудандағы білім бөліміндегілер алдағы уақытта бірнеше мектеп салынады деп күтіп отыр.
Мұхитбек Сәрсенбеков, Ордабасы ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері:
- 2025 жылға дейін толық шешіледі. 2025 жылға дейін екі мың орындық және 900 орындық мектеп салынады. Сонымен бірге «Сеа білім» ЖШС-гі қазір 1750 орындық жекеменшік мектеп салып жатыр. Ол жерде 1-11 сынып оқиды. Ал қазір ашылған үш бастауыш мектептің үшеуі де жекеменшіктер. Олар біздің үш ауысымдықты толық шеше алмайды.
Бірақ тұрғындар жауаптылардың мұндай уәдесін бірнеше жылдан бері естіп келе жатқанын айтады. «Ауылда жаңа мектеп салынады дегенге күдік көп» - дейді жиналғандар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!