Ақтауда ТҚКС өртенді – бір әйел өліп, екі адам ауыр халде жатыр
Ақтауда техникалық жөндеу орталығында болған өрттен зардап шеккен үш адамның екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ауыр жараланған науқастар әлі есін жимаған. Ал біреуі травматология бөлімінде. Оқиға орнында тағы бір жұмысшы әйел қаза тапқан.
Автор: Айман Нұрмағанбет
13.01.2023
Самалбек Жұмағұлов, Маңғыстау облысы ауруханасының ортопед-травматологы:
- Екеуінің жағдайы ауыр. 60-65 пайыз күйік, екі балада. Ал біреуі бөлімшеде, екеуі аппаратта. Жағдайы ауыр. Сол жақта дәрі-дәрмектерін алып жатыр. Барлығы бар. Ал травматология бөліміндегі науқастың жағдайы тұрақты. Емделіп жатыр.
Дәрігерлер жансақтау бөліміндегі 19 және 35 жастағы екі науқастың жағдайы тым ауыр дейді. Олардың денесі өрттен оңбай күйген. Аяқ-қолы, беті, арқасы мен тыныс алу жолдарына зақым келген. Өздігенен тыныс ала алмайды, екеуі де жасанды желдету аппаратына қосылған. Техникалық жөндеу орталығында болған өрттен зардап шеккен үш науқас та Өзбекстан азаматтары.
Оқыс оқиға кеше сағат 18:30 шамасында болды. Нысанның ішіндегі алты газ баллоны жарылып, 50 шаршы метр аумақ өртенген. Құтқарушылар тағы 17 газ баллонды сыртқа шығарып үлгеріпті. Қазір тәртіп сақшылары бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Жандос Кенжебаев, Ақтау ТЖБ бастығы:
- Өрттен алты баллон жарылған, өрт қызметкерлері өмірін қатерге тігіп, 17 газ баллонын алып шыққан. Сағат 18:48-де сөндірілді. Өрт сөндіруге 25 қызметкер жұмылдырылды және 6 техника. Өрт техникалық қызмет көрсету станциясының бір боксында шыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!