Алматыда су құбыры жарылып, кәсіпкерлер шығынға батты
Алматыда су құбыры жарылды. Сарышұнақ аязда көшеге жайылған ағын су бірден қатып, жол көктайғаққа айналды. Апат салдарынан 70-тен астам көпқабатты үй суық судан ажыратылып, ондаған кәсіпкер шығынға батты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
13.01.2023
«Алматы су» мекемесінің өкілдері шаһардағы су магистралінің 55 пайызы жарты ғасырдан бері жөндеу көрмегенін жасырмайды. Тозығы жеткен су құбырларын жаппай жаңартуға мемлекеттік мекеменің қаражаты жетпейді екен. Сондықтан олар биылдан бастап тариф бағасын көтеруді жоспарлаған. Апат болған аумақты КТК тілшісі көріп қайтты.
Түнгі сағат үш. Шаһардың қақ ортасында құбыр жарылып, су жан-жаққа жайылды. Алдымен арық ернеуінен асып, сосын көше көлге айналған. Су көпқабатты үйдің жертөлелерін де басып қалды.
Мәди Мәмедов құтқару қызметін алғаш болып шақыртқандардың бірі. Жеміс-жидек сататын дүңгіршектің сатушысы ағын сумен жалғыз өзі арпалысқан, бірақ одан еш нәтиже шықпапты.
Мәди Мәмедов, сатушы:
- Сағат төртте мына жақты су жаулап алды. Тез суға толып, тазалау мүмкін болмады. Кірсең, суға өзің батасың. Көкөнісімнің бәрі суға кетті. Шелекпен су алдық. Көмек болмады.
Мәдина Халитованың да бизнес нысанын су басқан. Кәсіпкердің жертөледе орналасқан сұлулық салонындағы жиһаз бүлініп, электр құрылғылары істен шығыпты.
Мәдина Халитова, сұлулық салонының басшысы:
- Жиһаздың бәрі бытшыты шықты. Электр құрылғыларымыз да жарамай қалды. Қабырғамыз да судан қақырап жатыр. Шығын көп. Түн ішінде бұлай болатынын кім білген?! Бізге шығынды өтеп берсін. Құбырдың жарылғанына біз кінәлі емеспіз ғой.
Апатқа байланысты 70-тен астам көпқабатты үй суық судан ажыратылды. Жарылған құбырды қалпына келтіру үшін коммуналдық қызметкерлер жанталасып жатыр. Көкмұз болған жолдарға құм сеуіп, суды сору жұмысы да жүргізілді.
Апаттан зардап шеккен кәсіпкерлер шығынды сот арқылы өндіріп алуды көздеген. «Алматы су» мекемесінің өкілдері су құбыры қысымға шыдамай жарылғанын айтады. Қаладағы 1900 шақырым құбыр 50 жылдан бері жөндеу көрмеген. Сондықтан тот басқан құбырдан тағы да ақау шығуы бек мүмкін.
Серік Шәгіров, «Алматы су» МКК ресми өкілі:
- Мыңбаев, Жароков, Манас, Шевченко қиылысында орналасқан үйлерге кешке дейін толық су беруді жоспарлап жатырмыз. Жыл сайын тозығы жеткен 25-30 шақырым су құбырын ауыстырып жүрміз.Негізі жыл сайын қалада 100 шақырым құбыр ауыстыру қажет. Биыл жаңа тариф саясатын жүзеге асырып, жақын уақытта толығымен қаланың су құбырын қалпына келтіру жоспарланған.
Суға жауапты мемлекеттік мекеменің өкілдері шаһардағы су магистралінің 55 пайызы ескіргенін жасырмайды. Олар құбырларды жаппай жаңарту үшін биылдан бастап тариф бағасын көтеруді жоспарлапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!